Перизатты 10 жылға, анасын 7 жылға соттаған аса ірі алаяқтық оқиғасына қатысты Аружан Саин пікір білдірді. Оның пікірінше, үш жыл ішінде 3,5 миллиард теңге жинаған қордың әрекеті ешқандай логикаға сыймайды , деп жазады Skifnews.kz ақпарат порталы.

«Үш жылда 3,5 миллиард теңге жинау қиял ғажайыппен пара-пар жағдай. Ел ішіне аса танымал емес, желөкпе, жаңадан пайда болған еріктілердің әкімшілік ресурстың қолдауынсыз мұндай көлемде қаржы жинауы мүлде мүмкін емес.

Менің анық көз жеткізгенім қордың артында Nur Otan (қазіргі Amanat) партиясы тұрды. Аймақтарда партияның отырыстарында қорды қолдау қажеттігі ашық айтылғанын сот кезінде де естідік.

Осындай үндеулерден кейін кәсіпкерлер мұны міндет деп қабылдағаны сөзсіз», – дейді Саин Informburo-ға берген сұхбатында.

Сөзінше, қор пандемия кезінде кең танылған «Biz Birgemiz» ұранын қолданған соң, халық оны билікпен байланысты деп ойлап, шүбәсіз сенген.

Қоғам белсендісі 9 сыныптық білімі бар Перизаттың жалғыз өзі осыншама күрделі операцияны ұйымдастыруы екіталай дейді.

Оның пайымдауынша, бұл жерде одан әлдеқайда ықпалды адамдардың көлеңкесі көрінеді.

«Жас қыздың анасымен бірге істі болып отырғанына қарап, бұлардың артында өзге де қолдаушылар бар деп білемін. Егер Перизат осы жүйенің қалай жұмыс істегенін, ақша қайда, кімге кеткенін, кіммен қалай бөліскенін ашық айтса, тергеудің ары қарай жылжуына мүмкіндік туар еді. Бұдан пайда көрген негізгі бенефицарларды анықтауға болады. Мені алаңдататыны нақты ұйымдастырушылардың тасада қалып қоюы», – деді Аружан Саин.