Жетісу облысындағы Алакөл ауданына қарасты Көкмойын өңірінде өрт шықты. Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары өрттің таралуына жол бермеу үшін тікұшақ көтеріп, жалынды сөндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

ТЖМ мәліметінше, өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті мен орман шаруашылығынан 90 адам мен 10 техника бірлігі жұмылдырылған.

"Өртті ауадан сөндіру үшін ҚР ТЖМ "Қазавиақұтқару" АҚ-ның су төгетін құрылғымен жабдықталған МИ-8 тікұшағы тартылды. Таулы жердің қолжетімсіздігі сөндіру жұмыстарын қиындатып тұр. Қазір өртті оқшаулау және толық жою жұмыстары жалғасып жатыр", – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Айта кетейік, бұл — бір тәулік ішінде таулы аумақта тіркелген үшінші ірі өрт.

25 шілде кешкісін Алматы қаласының Медеу ауданындағы тау бөктерінде де өрт шыққан болатын. Жалын Кеңсай зиратына дейін жеткен.

Сонымен қатар, 26 шілдеде Алматы облысындағы таулы аумақта тағы бір өрт тіркелді. От 8 гектар жерді шарпыған. Тұрғындар жалын саяжай алаптарына жетіп қалады деп алаңдағанымен, өртсөндірушілер жағдайды бақылауға алып, тілсіз жауды ауыздықтады.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!