Қазақстан мобильді интернеттің жылдамдығы бойынша әлемдік рейтингте 103 елдің ішінде 47-орынға көтерілді.
Бұл туралы Speedtest Global Index 2025 жылдың маусым айына арналған есебінде жарияланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Есепке сәйкес, елімізде мобильді интернеттің орташа жылдамдығы 87,27 Мбит/с болған. Осы көрсеткішпен Қазақстан ТМД елдері арасында 1-орынға ие болды.
ТМД-да 2-орында – Әзербайжан (72,52 Мбит/с), 3-орында – Өзбекстан (55,78 Мбит/с).
Мобильді интернет жылдамдығы бойынша әлемдік көшбасшы – Біріккен Араб Әмірліктері (546,14 Мбит/с). 2-орында Қатар (517,44 Мбит/с), үшінші орында Кувейт (378,45 Мбит/с) орналасқан.
Бұдан бөлек, алғашқы ондыққа Бахрейн (236,77 Мбит/с), Бразилия (228,89 Мбит/с), Болгария (224,46 Мбит/с), Оңтүстік Корея (218,06 Мбит/с), Қытай (201,67 Мбит/с), Сауд Арабиясы (198,39 Мбит/с) және Дания (196,00 Мбит/с) кірген.
Ал рейтингтің соңғы үш сатысында Эсватини (18,36 Мбит/с), Беларусь (17,97 Мбит/с) және Боливия (13,19 Мбит/с) орналасқан.