Әлемнің біраз елінде ми қайнатар аптап ыстық орнады.

Шіліңгір шілде Италия және Түркия халқын әбігерге салды. Мамандар 2023 жыл — адамзат тарихындағы ең ыстық жыл болса, биыл ауа температурасы ол кездегіден де асып кетуі мүмкін деп отыр.

ИТАЛИЯ

Еуропаның көп бөлігін қазір аптап ыстық жайлаған. Италияның Сицилия қаласында ауа температурасы +48 градусқа дейін көтерілді. Синоптиктердің болжауынша, алдағы апта Италияда жаз маусымының ең ыстық кезеңі болуы ықтимал. Мамандар мұны Солтүстік Африкадан келген антициклонмен байланыстырады. Аптаптан тұрғындар мен туристер көлеңке саялап әлек.

Эрик Нильс, турист:

- Біз Солтүстік Ирландиядан саяхаттап келген едік. Мұнда күн өте ыстық екен. Су мен желдеткіш болса көлеңкеде жүріп шыдауға болады. Бірақ Солтүстік Ирландияда күн ыстық болмайтындықтан бізге мұнда ұнап жатыр.

КОСОВО

Күннің қатты ысуынан кәрі құрлықтың біраз елінде өзен-көлдер тартылып, орман өрттері жиіледі. Косово мен Албанияда бірнеше аптаға созылған қуаңшылықтан шекара маңындағы Фиерза көлі тайызданып, кебе бастаған. Айдын өңірді электр энергиясынан бөлек, ауыл шаруашылығына қажетті ылғалмен қамтамасыз етіп отырған негізгі көз. Сондықтан жергілікті шаруаларға ауыр соғуда.

Милазим Дураку, шаруа:

- Мұндай ыстықта өнімді жұмыс істеу өте қиын. Шаруалар кешкі сағат 7–8 шамасында бір-екі сағат қана жұмыс істеуге мәжбүр. Жоғары температура судан тарықпайтын фермерлер үшін пайдалы. Ал біз секілді суы тапшы өлкелерге қиын.

ТҮРКИЯ

Түркияның кей өңірлерінде ауа температурасы 40 градустан асып кетті. Салдарынан елде қуаңшылық мен аңзақ желден орман өрттері жиіледі. Жаз басталғалы 700-ден аса өрт ошағы тіркеліп, мыңдаған адам баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болды. Синоптиктер алдағы күндері елдің оңтүстік-шығысындағы Диярбакыр аймағында ауа температурасы 45 градусқа жетуі мүмкін деп болжап отыр.

Хасан Коркмаз, Анкара тұрғыны:

- Көріп тұрғаныңдай, күн райы өзгеріп кетті. Аптап ыстық күшейіп барады. Мұндай күнде жүріп-тұрудың өзі қиын. Анкарада әдетте кешке салқын, таңы жайлы болатын. Ал қазір ыстыққа төзу мүмкін емес.

ИТАЛИЯ

Ал БҰҰ деректері бойынша, жыл сайын Еуропада аптаптан 175 мыңнан астам адам көз жұмады екен. Бұл сан артып келеді. Мамандар жаз айларындағы ми қайнатар ыстықтың тіркелуін жаһандық жылынумен байланыстырады.

Авторлары: Фариза Жанғанаева, Айнұр Дулатқызы.