Қазір елімізде "Заң мен тәртіп" қағидаты қоғамды біріктіретін басты идеологияға айналып отыр.
Осыдан бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған жолдауында осы тақырыпқа ерекше назар аударды.
Бұған елде алаяқтық деректерінің көбеюі, қазақстандықтардың құқығын қорғау бағытында кешенді шаралардың және қауіпсіз қоғам құрудың қажеттігі себеп болды.
Бүгінгі таңда құзырлы органдар бұл бағытта үйлесімді әрекет етіп отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Тәртіпке бағынған құл болмайды
Президент қоғамдағы әділдік, заңдылық және құқықтық тәртіп мәселелеріне баса мән беріп отыр. Бұл ұғымдар кейінгі жылдары күн тәртібіндегі негізгі тақырыптардың біріне айналды. Қоғамның қай саласын алмасақ та, адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау, елдің экономикалық өркендеуі болсын, бәрі де әділдік пен заң үстемдігі орнағанда ғана іске асады.
Мемлекет басшысы көтерген негізгі ой-тұжырымдары қоғам өмірінің барлық саласына қатысты. Олардың қатарында ішкі және сыртқы саясат, Парламент пен Үкіметтің қызметі, жергілікті атқарушы биліктің өзара ықпалдастығы бар. Қазақстанда қолға алынған "Заң мен тәртіп" қағидаты басқа елдердегі осыған ұқсас тәсілдерден айырмашылығы бар деп сеніммен айта аламыз. Өйткені біздегі тәсіл ұлттық идеологияға, елдің даму ерекшеліктеріне негізделген.
Сарапшылар заң мен тәртіп қағидатын нығайту үрдісі бірден жүзеге аспайтынын, оның нәтиже беруі үшін біраз уақыт қажет екенін баса айтады. Олардың айтуынша, бұл – ұзақмерзімді процесс. Себебі әр кезеңнің нақты белгіленген мақсаттары мен міндеттері болады. Сала мамандары қабылданатын заңдардың сапасына баса назар аударған жөн деген пікірде.
Бұдан басқа халық арасында құқықтық мәдениет пен құқықтық сананы арттыру, мектеп оқушыларына, студенттер мен жастарға құқықтық тәрбие беру жүйесін жетілдіру керек екенін де жеткізді. Өз кезегінде бұл заң мен тәртіпті нығайтудың тиімді жолы бола алады.
"Президент бастамашы болған "Заң мен тәртіп" қағидаттары – елдің құқықтық жүйесі мен демократиялық институттарын нығайтудың негізгі факторы. Мұндай идеология азаматтардың құқықтық санасын арттыруға, заңға деген құрметті қалыптастыруға және мемлекеттік институттарға деген сенімді нығайтуға ықпал етеді. Құқықтық мәдениеттің дамуы құқықбұзушылық деңгейінің төмендеуіне, инвестициялық қолайлы ахуалдың қалыптасуына және елдің халықаралық беделінің артуына тікелей әсер етеді. Осындай ұстанымды тұрақты қоғам қалыптастырудың негізі деуге болады. Мысал ретінде, қатаң заңдары мен жоғары қоғамдық тәртібімен танымал Сингапурдың халықаралық тәжірибесін келтіруге болады. Бұл өз кезегінде елдің экономикалық өркендеуіне әкелді", – деді заңгер Ләззат Рақышева.
Оның сөзінше, Қазақстанда да заң үстемдігі сақталған жағдайда, "Заң мен тәртіп" қағидаттары экономикалық тұрақтылық пен өркендеуге жол ашады.
"Мемлекет азаматтар үшін ашықтық пен қолайлылықты арттыру мақсатында қызметтерді цифрландыру бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Құжаттарды тапсырудың электронды жүйелері енгізілді, бұл өз кезегінде бюрократия мен сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендетуге ықпал етеді. Құқық қорғау органдарында халықтың сенімін арттыруға және тиімділікті жоғарылатуға бағытталған реформалар жүзеге асырылуда. Азаматтардың өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсінуі үшін құқықтық ағартуға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл заңдылық пен тәртіптің нығаюына септігін тигізеді. "Заң мен тәртіп" қағидатын нығайтуға бағытталған бірнеше заң қабылданды. Мысалы, жаппай тәртіпсіздікке шақырғаны үшін жазаны күшейтетін заңға қол қойылды. Бұл елдегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған. Сот жүйесінде 2025 жылғы 1 шілдеден бастап өзгерістер енгізілді. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш дербес кассациялық сот құрылды. Бұл – азаматтардың әділеттілікке қолжетімділігін жақсартуға бағытталған маңызды қадам", – деп атап өтті сала маманы.
Ләззат Рақышеваның сөзінше, қазір азаматтардың құқығын қорғау және қоғамда құқықтық мәдениет деңгейін арттыру бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр.
"Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" қоғамы, Мәдениет және ақпарат министрлігі мен "Human Rights Lawyers" қоғамдық қоры әлеуметтік жобаны қолға алды. Бұл жоба азаматтарды олардың құқығы мен міндеттері туралы ақпараттандыруға, сондай-ақ халық арасында құқықтық сауаттылықты дамытуға бағытталған. Оның аясында құқықтық мәселелер бойынша семинарлар мен тренингтер өткізу, ақпараттық науқандар және материалдар тарату, заңгерлер мен құқық қорғаушылардың, психологтардың тегін кеңес беруі жоспарланған", – деді сарапшы.
Бас прокуратура: жарты жылда 2 млн-нан астам азаматтың құқығы қорғалды
Жақында Бас прокуратура бірінші жартыжылдықта атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарды.
Оған сәйкес, 2 млн-нан аса қазақстандықтың құқықтары қорғалып, 14 мыңнан аса лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Экономиканың әртүрлі секторларында жүргізілген тексерістердің нәтижесінде жүз қылмыстық іс қозғалды, 58 адам сотталды.
Құзырлы орган республикадағы жалпы қылмыс деңгейі былтырғыға қарағанда 5%-ға азайғанын мәлім етті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, 425 азамат бойынша сот үкімі қолданыстағы заңға сәйкестендіріліп, сотты болған 248 адамның жағдайы жақсартылды.
Есірткі, киберқылмыспен күрес те өз нәтижесін беріп отыр. Республика бойынша есірткі дүкендерінің шоттары бұғатталған. Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмыс шеңберінде осы жылы 3 халықаралық қылмыстық колл-орталықтың қызметі әшкереленді. Sim-Box бойынша сотқа дейінгі тергеу 47 басталды. Қазақстанда елу мыңнан аса сим-карталар тәркіленген. Осы деректерге қатысы бар 36 адам ұсталды. Олардың 16-сы – шетел азаматтары. Қазірге дейін 4 іске қатысты сот үкімі шықты.
Қазақстан шет мемлекеттермен құқықтық бағыттағы әріптестікті нығайту жолында да белсенді жұмыс істеп жатыр. Мәселен, 2025 жылы Қатар, Кипрмен қылмыстық істер бойынша өзара көмек туралы құжаттар қабылданды. 27 адам елімізге экстрадицияланды, ал 66 адам шетелге берілді.
Қазақстандағы қылмыстық ахуал
Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің мәліметінше, жарты жылда қылмыстық құқық бұзушылықтардың жалпы саны 6,5 пайызға төмендеген. Барлығы 64 529 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді.
Олардың құрылымына келсек, қылмыстық құқық бұзушылықтардың 80%-ын қылмыстар құрайды. Алты айда 52 117 қылмыс тіркелді. Ресми мәлімет бойынша аса ауыр қылмыстар саны 58,4%-ға азайған. Басқа қылмыс түрлерінде де төмендеу байқалады. Мысалы, орташа ауыр – 14%, онша ауыр емес – 13,4%. Соған қарамастан ауыр қылмыс саны аздап ұлғайған (2,4%).
Елімізде ұрлық, тонау, қарақшылық, адам өлтіру, адам өлтіруге оқталу, бұзақылық секілді қылмыс түрлерінің деректері азайып отырғаны байқалады.
Десек те, елімізде алаяқтық оқиғалары азаяр емес. Әсіресе, интернет арқылы жасалатын осындай қылмыстардың қатары артқан. Қаскөйлер түрлі айла-шарғыға барып, жалған сайттар, әлеуметтік желілер, онлайн жарнамалар, жеткізу қызметтері мен банк шоттарын пайдаланған. Нәтижесінде сан соғып қалған азаматтар да аз емес.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес
Жемқорлыққа қарсы күрес – атқарушы билік пен құзырлы органдардың жұмысындағы маңызды бағыттардың бірі. Мемлекет деңгейінде осы мақсатта түрлі іс-шаралар қолға алынған. Жемқорлық елдің экономикалық дамуына қолбайлау болатыны белгілі. Себебі ол бизнесте қолайсыз орта қалыптастырып, шетелдік инвесторлардың сеніміне селкеу түсіреді.
Ресми деректерге сүйенсек, өткен жылы елімізде 1346 сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылықтар тіркелді.