Қордың өңірлік хабы белсенді жастардың басын қосатын орталыққа айналады.

Алматы қаласында ЮНИСЕФ-тің өңірлік еріктілер хабының ашылу рәсімі өтті. Шараға 200-ден астам қатысушы жиналып, ол балалар құқықтарын қорғау, инклюзияны ілгерілету, тұрақты даму мен цифрлық сауаттылықты арттыру бойынша ұлттық науқан аясындағы маңызды оқиға болды.

Жастар саны 700 мыңнан асатын еліміздің ең ірі мегаполисі – Алматы 2025 жылы ЮНИСЕФ жаңартылған еріктілік бағдарламасын іске қосатын алты өңірдің бірі атанды. Қазірдің өзінде 500-ден астам алматылық жас аталған бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, өтінім жіберген.

Бағдарламаның ашылу салтанатына ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мустафа Сарвар және Алматы қаласы әкімінің орынбасары Азамат Калдыбеков қатысты. Қонақтар өз сөздерінде жастардың әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысуы мен азаматтық белсенділікті арттырудағы рөлін ерекше атап өтті.

"Жастар – бұл болашақ қана емес, бүгінгі күннің де қозғаушы күші. Біз ЮНИСЕФ Еріктілер мектебін іске қосу арқылы жастарға нақты өзгерістер жасауға мүмкіндік беретін құралдар ұсынамыз", – деді доктор Рашед Мустафа Сарвар.

Шара барысында қатысушылар балалар құқықтары туралы интерактивті дәріс тыңдап, воркшоптарға, топтық пікірталастар мен сұрақ-жауап сессияларына қатысты. Сонымен қатар, ЮНИСЕФ Еріктілер мектебінің онлайн платформасы таныстырылды. Бұл платформа алты модульден тұрады және еріктіліктің негіздері, бала құқықтары, психикалық денсаулық, зорлық-зомбылықтың алдын алу мен эковолонтерлік тақырыптарын қамтиды. Барлық оқу материалдары қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді болады.

Алматыдағы өңірлік хаб белсенді жастардың басын қосатын орталыққа айналады. ЮНИСЕФ еріктілері мектептер мен колледждерде жобалар жүзеге асырып, ақпараттық кампаниялар жүргізіп, экологиялық шараларға қатысып, жастардың U-Report платформасын ілгерілетуге атсалыса алады.

Шара аясында Алматы қаласы әкімдігімен бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бойынша кездесу өтті. Кездесуде білім беру, экология және жастар саясаты салаларындағы әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.


Оқи отырыңыз:

Қазақстанда 3,5 мыңнан астам волонтёр заңгер, адвокат, нотариус тегін құқықтық көмек көрсетеді