Әнші 30 күн ішінде 78 640 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл төлеуге тиіс.
Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлына қатысты әкімшілік істі қарады. Іс ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабының 1-бөлігі – қоғамдық орында былапыт сөйлеу және айналасындағыларға құрметсіздік таныту, яғни ұсақ бұзақылық дерегі бойынша қаралды.
Жәбірленуші ретінде тіркелген Садықбекованың айтуынша, ол құрбыларымен бірге Алматыға ұшуға дайындалып тұрған сәтте Жұбаныш Жексенұлымен арада түсініспеушілік орын алып, әнші дөрекі сөйлеп, бейәдеп қылық танытқан. Оқиға орнына полиция шақырылып, әкімшілік хаттама толтырылған.
"Мен ешқандай дөрекілік көрсеткен жоқпын. Құрбыларымнан "Мына кісі әнші емес пе?" деп сұрағаным үшін бұл кісі маған ашуланып, былапыт сөздер айтып, телефонымды қолымнан ұрып түсірді. Кейін бірінші қабатта да дәл осындай әрекеттерін жалғастырды. Барлығы видеоға жазылған", – деді жәбірленуші.
Жұбаныш Жексенұлы әрекетіне өкінетінін айтып, кінәсін толық мойындады, жәбірленушіден кешірім сұрады.
"Мен кінәмді мойындаймын. Бұл дұрыс емес әрекет болды. Бірақ, мен де адаммын, шаршаған, көңіл-күйім жоқ кезге қатар келіп қалды", – деді ол сотта.
Оқи отырыңыз: Сот Перизат Қайраттың анасына қандай үкім шығарды
Сотта жәбірленуші мен куәгерлердің түсініктемелері, бейнежазбалар және басқа да дәлелдер негізінде айыпталушының қоғамдық орында балағат сөздер айтқаны, адамдардың тыныштығына нұқсан келтіргені, сондай-ақ алкогольдік масаң күйде болғаны атап өтілді.
Сот істі қарай келе айыпталушыны кінәлі деп тауып, оған 78 640 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салуға шешім шығарды.