Каспий теңізінде қатты жел салдарынан жағалаудан алыстап кеткен бес адамды Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары аман-есен құтқарып қалды, деп хабарлайды ТЖМ-ге сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Оқиға Ақтау қаласындағы "Бриз" яхта-клубы маңында үгіт-насихат және профилактикалық іс-шаралар өткізу кезінде болған. SUP-тақтамен серуендеп жүрген бес адам қатты желге тап болып, 2,5 шақырым қашықтықта ашық теңізге шығып кеткен. Өздігінен жағаға орала алмаған демалушыларға Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері көмекке келген.

"Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында бес адам жағаға дін аман жеткізілді. Ешқайсысына медициналық көмек қажет болмады", — деп жазды ТЖМ баспасөз қызметінен.

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды желді және дауылды күндері суға шыққанда абай болуға, міндетті түрде құтқару кеудешелерін киюге және ауа райын мұқият бағалауға шақырады.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз