Қазақстанның көлік полициясы жыл басынан бері 40 тан астам қару тәркілеген, деп хабарлайды Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамда "Заң және Тәртіп" қағидатын нығайту бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.
Департамент бастығының бірінші орынбасары Мадияр Айтуғановтың айтуынша, 2025 жылдың басынан бері көлік полицейлері теміржол және әуе көлігін пайдаланған 20 миллионға жуық азаматтың қауіпсіздігін қамтамасыз еткен. Яғни, теміржол көлігімен сапар шеккен 11 миллионға жуық жолаушы мен әуе қатынасын пайдаланған 8,9 миллионнан астам жолаушының құқықтары мен қауіпсіздігі қорғалған.
Мәселен, осы жылдың 6 айында Астана қаласының халықаралық әуежайы арқылы өткен жолаушылар ағыны 4,3 миллионнан асты. Нақтырақ айтқанда, ішкі бағыттар бойынша 2 997 981 жолаушы, ал халықаралық бағыттар бойынша 1 376 954 жолаушы тіркелді.
Көлік нысандарын заңсыз әрекеттерден қорғау мәселесі әрқашан өзекті болып қала береді", — деді М. Айтуғанов. Сондықтан тәртіп сақшылары құқықбұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге айырықша көңіл бөледі. Департамент пен оның желілік бөліністері "Құқықтық тәртіп", "Көліктегі қауіпсіздік", "Мигрант", "Қара-сора" және басқа да жедел-алдын алу іс-шараларын тұрақты түрде өткізеді. Бұл акциялар — қылмыстың алдын алуға, көліктегі тәртіп деңгейін, сондай-ақ халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған.
Басты міндетіміз — әрбір азаматқа, соның ішінде жолаушылар мен көлік инфрақұрылымының қызметкерлеріне қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасау үшін жұмысты тиімді ұйымдастыру. Біз үшін құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимылдың сенімді жүйесін құру маңызды", — деп сөзін нықтады Көліктегі ПД бастығының бірінші орынбасары.
Оның айтуынша, тексеру жұмыстары ауқымды көлемде жүргізілуде. Жыл басынан бері елордалық әуежайдағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері авиациялық қауіпсіздік қызметімен бірлесіп 34 мыңнан астам әуе рейсі мен 4,3 миллионнан аса жолаушыны тексерді. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 100-ден астам тыйым салынған заттар мен бұйымдарды заңсыз алып өтпек болған әрекеттің жолы кесілді, 53 қылмыс пен 1348 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Сондай-ақ, 43 бірлік атыс және суық қару тәркіленді.
Бүгінгі күні Департамент жұмысында заманауи цифрлық шешімдер белсенді енгізіліп жатқаны, қылмыстарды ізін суытпай ашу және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында қызметтік-іздестіру иттері де кеңінен қолданылатындығы атап өтілді.
Біз жедел жағдайды үнемі талдап отырамыз: жасақтар қылмыс жиі тіркелетін учаскелерге жіберіледі, әрі құқықбұзушылықтардың алдын алуға бағытталған рейдтер тұрақты жүргізіледі. Осы уақыт ішінде атқарылған жұмыстар нәтижесінде 48 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды", — деп түйіндеді сөзін полиция полковнигі.
Көліктегі полиция департаменті азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, құқықбұзушылықтарды болдырмауға, сондай-ақ көлік инфрақұрылымы нысандарында қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге бағытталған кешенді алдын алу шараларын жүзеге асыруды жалғастыруда", — деді ол.