Елордада өткен "Тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша 1500-ге жуық құқық бұзушылық анықталды.
Оның ішінде көлік құралын мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі жоқ немесе заңмен белгіленген тәртіпте тіркелмеген жағдайда басқару – 27, алкогольдік масаң күйде автокөлік басқару — 18, жүргізуші куәлігі жоқ адамның көлік құралын басқаруы — 80, мопед басқару бойынша – 10, мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгісі алынған – 34 заңсыз әрекеттер тіркелді.
Астана – Қарағанды бағытындағы автожолда орналасқан "Күйгенжар" бекетінде полиция қызметкерлері ірі габаритті жолаушылар автобусын тоқтатты. Тексеру барысында аталған көлік құралына жалған мемлекеттік тіркеу нөмірі тағылғаны анықталды.
Көлік жүргізушісі шетелдік автобусты қолдан жасалған нөмірмен басқарған. Заң талаптарына сәйкес, бұл әрекет Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 590-бабы 4-бөлігі бойынша құқық бұзушылық болып табылады. Аталған факті бойынша хаттама толтырылып, іс материалдары жедел тәртіппен қарауға жіберілді. Жүргізуші өз кінәсін мойындап, жауапқа тартылды.