Қазақстандық мамандар Грузиядағы археологиялық қазба жұмыстарына қатысып жатыр.

Ғалымдар ежелгі өркениет өкілдері өмір сүрген Орозмани ауылының маңын зерттеуде. 2022 жылы бұл мекеннен полеолит дәуірінде өмір сүрген адамның тісін тапқан. Ғалымдар бұл жәдігер тың жаңалыққа жол ашады дейді. .

Орозмани — Грузиядағы шағын ауыл. Мұнда жердің әр қабаты тарихтан мол сыр шертетін археологиялық жәдігерлерге толы. Дәл осында мамандар шамамен 2 миллион жыл бұрын өмір сүрген адамның тісін, тастан жасалған қаруын және тарих санағы жүргізілгенге дейінгі жануарлардың сүйектерін тапты. Бірақ бюрократиялық кедергілерге байланысты жұмыс екі жылға тоқтап қалды. Енді ол қайта жанданып отыр. Ғалымдар ерте палеолит дәуіріндегі заттарды қаз-қалпында жеткізу үшін оның әрбір миллиметрі мен құм-қиыршығын мұқият зерттеуде.

Джордж Бидзинашвили – археолог:

- Төменгі палеолит дәуіріне тиесілі жерлерді біз жылдам тазарта алмаймыз. Бір адам күніне 1 шаршы метр жердің 5 см-рін ғана қаза алады. Сондықтан есептей беріңіз: бір маусымда археолог бір метр тереңдікке ғана түседі. Одан әрі қазу үшін көп уақыт керек.

Халықаралық экспедицияға Қазақстан, АҚШ және Дания университеттері мен ғылыми институттарынан 20 маман қатысып жатыр. Тамыз айында оларға Финляндиядан келген делегация қосылады. Гүлнұр Мұратова бала күнінен тарих пен археологияға әуес. Қазақстандық студент Орозманиге биыл екінші рет барып отыр. Оның айтуынша, бұл баға жетпес тәжірибе.

Гүлнұр Мұратова — Назарбаев университетінің студенті:

- Менің зерттеу аймағым осы жерді қамтиды және ол 4 шаршы бөлікке бөлінген. Қазір бәрін тегістеп жатырмын. 5 см-ден кейін құмды осында жинап бөлшектейміз. Бұл сүйек осы жерден табылды. Ол сиыр аяғының бір бөлігі.

Рид Койл, Назарбаев университетінің профессоры:

- Мен үшін бұл экспедицияға қатысу өте маңызды. Сонымен қатар студенттерді тәжірибе жинауға тарту үшін тамаша мүмкіндік болып отыр. Өйткені Қазақстанда ол кезеңдегі жәдігерлер әзірге табылған жоқ.

Орозманиден шыққан олжалардың қатарында пілдің төменгі жақ сүйегі, сондай-ақ жирафтың, қылыш тісті жолбарыстың, этрускан қасқырының және басқа да ежелгі жануарлардың сүйектері бар. Шамамен 1 миллион сегіз жүз мың жылдық тарихы бар палеолит дәуірінің қазбалары туралы бірлескен ғылыми мақалалар биыл алғаш рет жарияланбақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили.