Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елде креативті индус­т­рияны дамытудың маңыздылығын атап өткен болатын. Осыған байланысты Үкіметке, жергілікті атқарушы билікке тиісті тапсырмалар жүктеді. Мемлекет басшысының осынау тапсырмасын орындау мақсатында биыл Шымкент қаласында «Shymkent Creative Hub» креативті хабы ашылды .

Туризм, сыртқы бай­ла­ныс­тар және креа­тивті индустрия бас­қармасының басшысы Бексұлтан Әділхановтың айтуынша креа­тивті орталықтың мақсаты – шы­ғар­машылық және креативті жо­баларды іске асыру, жаңа идея­лар мен технологияларды қол­дау, креативті салалар ара­сындағы өзара әрекеттесуді кү­шейту, жаңа құралдар мен білімді, тәжірибені қолжетімді ету, креативті индустрияның экономикадағы үлесін арттыру.

Креативті хабта «Сақ» кино­студиясы, қолөнерші, дизайнер, зергерлер мен суретші­лер бар. Басқарма бас­­шы­сы­ның мәлімдеуінше, «Shymkent Creative Hub»-та креативті индус­трияны дамытуға, жаңа идея­ларды жүзеге асыруға және шы­ғармашылық жобаларды қол­дауға арналған бірнеше функ­ционалдық бөлім жұмыс істейді. Атап айтқанда, көрме аймағы, подиум аймағы, «Сақ» киностудиясы, жұмыс аймағы, шоу-рум, іс-шаралар, кездесулер мен конференциялар өткізуге арналған конференц-залдар қарастырылған.

Контент-мейкерлерді қолдау мақсатында «Shymkent Creativе Hub» ғимаратында шеберлік сыныбы ұйымдастырылды. Онда танымал видеограф және блогер Әділет Рахметолла тәжірибесі­мен бөлісіп, қатысушыларға кәсіби деңгейде контент жасау тәсілдерін үйретті. Қатысушылар үш күнде контент жасаудың заманауи әдістерін үйреніп, өз шығармашылық әлеуетін арттыруға мүмкіндік алды. Сон­­дай-ақ әр қатысушыға өз кон­тентін туризм саласында қалай тиімді жариялап, Шымкенттің ең әдемі жерлерін көрсетуге болатыны туралы кеңестер берілді. Одан өзге, «Shymkent Creative HUB» орталығында «Креативті индус­трияны дамыту: адамдар, идеялар және кеңістік» атты республикалық жиын өтті. Жыл басынан бері «Shymkent Creative HUB» бастамасымен 16 жәрмеңке ұйымдастырылып, іскер азаматтар тауарларын ­саудалау арқылы 3 млн теңдеген астам пайда тапты. Айта кеткен жөн, Шымкент қаласының кәсіпкерлер палатасының жанынан «Креативті индустрия ассоциациясы» құрылып, бүгінгі күні қауымдастық құрамында 150-ден астам креативті индустрия субъектісі тіркелген.

«Қазір креативті хабта шы­ғар­машылық саласында оқитын студенттерге, жас кәсіпкерлер­ге, инклюзивті балаларға ар­нап апта сайын шеберлік саға­тын, фестивальдар, шығармашы­лық кештер, оқу-семинарлары мен сән қойылымдарын өткізіп ­оты­рамыз. Сонымен бірге «Сақ» ки­ностудиясы «Тоқты мен ­Серке» толықметрлі анимация­лық ­филь­мінің түсірілімін аяқ­тап, биыл ­3 шілдеден бастап елі­міз­дің барлық кинотеатр­ын­­да көрсе­тіле бастады», деді Б.Әділханов.

Үкіметтің 2023 жылғы 6 мау­сымдағы №448 қаулысымен креа­тивті индустрияға жататын 43 экономикалық қызмет түрі­нің тізбесі бекітілген. Ресми ста­тистикалық деректе бү­гінде Шымкент қаласында креативті индустрия саласында еңбек ететін 2 300 кәсіпкер тіркелген. Оның ішінде 1 824-і жеке тұлға болса, қалғаны заңды тұлға санатындағы кәсіпкерлер дейді маман.

Статистика департаменті­нің ақпаратына сәйкес 2025 жыл­дың 3 айында қалаға 100 088 турист келген. Шымкентте бір­жолғы сыйымдылығы 7 938 төсек­тік орынды құрайтын 149 қонақ­үй қызмет көрсетеді. 2024–2025 жылдар аралығында мегапо­лис­те туризм саласы бойынша 11 ин­вестициялық жоба жүзеге асы­рылады. Оның 7-еуі былтыр қолға алынып, «Kazakh Hotel», «Aurum Hotel», «Diamond Hotel», «Siluet plaza», «Makhambet», «Mir Hotel»,«Cannes Hotel» қонақүйлерінің құрылысы тәмамдалып, пайдалануға берілді. Биыл сәуірде олардың қатарына «Mardan» қосылды. Жыл соңына дейін «Алтай», «Zeinnur-Tau», «Керемет» қонақ­үйлері ашылады. Аталған жоба­лардың инвестиция көлемі – 14,5 млрд теңге. 240 адамды тұрақты жұмыс орнымен қамту көзделген. Сондай-ақ қалада «Hilton» қонақ­үйінің құрылысы жүріп жатыр. Жоспар бойынша келесі жылы пайдалануға берілуге тиіс. Қонақүй құрылысына 35 млн доллар жұмсалмақ. Нәтижесінде, 200 жаңа жұмыс орны ашылады.

Басқарма басшысының ай­туынша, Бадам суқоймасы аума­ғында «Omir Shymkent» глэмпинг жобасы қолға алынып жатыр. Ол қала тұрғындары мен қонақтарына табиғат аясында заманауи және жайлы демалыс орнын ұйымдастыру, ішкі туризм­­ді дамыту, экологиялық мәде­­ниет­ті қалыптастыру және аймақ­­тың туристік тартымдылығын арт­тыру секілді мақсаттарды көздейді. Сонымен қатар Ибрагим ата, Қарашаш ана, Әбділ Әзіз баб, Хызыр Мұнарасы кесенелері мен Дендросая­бақ, Цитадель туристік аймақтары­на турникеттер мен төлқұжа­т­тар қойылды. Одан бөлек, «Спутник» гүлзары, «Тәуке хан» даңғылы, Иляев көшесі және «Арбат» жаяу жүргіншілер алаңында ­«4 – SMART» санитарлық-гигие­на­­лық торап іске қосылды. Маман­­ның сөзінше, бұл турис­тік сер­вис­ті жақсарту үшін қажет. Қазіргі уақытта Шымкент қаласында 17 туристік маршрут қызмет көрсетеді. Олардың ішінде Түркістан – Ташкент – Ақсу-Жабағалы – Шымкент 4 күндік туристік маршрутын туристер кеңінен қолданады. Биыл мамырда Алматы – Түркістан – Ташкент – Самарқанд – Шым­кент – Алматы бағытымен «Jibek joly» туристік пойызы алғаш рет Шымкент қала­сын­да аялдады. Қазір мегаполистен тікелей ұшатын 12 ішкі және 12 халықаралық әуе рейстері ашылған. «SCAT» әуе ком­паниясының Үрімші, Баку, Шанхай, Сеул, Сиань, Будапешт, Каир, Мюнхен қалаларына тіке­лей ұшатын рейстері бар.

«Шетелдік туристерге 2025 жылға арналған іс-шаралар күн­тізбесі 3 тілде әзірленіп, туристік ұйымдарға, мейрамхана, қонақ үй және туристік оператор мен агенттіктерге жолданып, әлеуметтік желілерде жарияланды. Шетелдік туристерге арнайы әзірленген «Кazakhstan.travel» туристік порталына кіруге арналған QR-кодтар Шымкент қаласының халықаралық әуе­жайы, теміржол вокзалы, автовокзалдарда орналастырылды.

«Шымкентте осы күнде «Visit-shymkent.com» туристік порталы жұмыс істейді. Сон­дай-ақ интерактивті карта, цифр­лық нысандардың «3Д-мар­шрут­тары», қонақүй мен мерекелік іс-шараларға билет алу немесе броньдау жүйесін енгіздік. Биыл «2ГИС» қосымшасына туристік нысандарды қостық, Сайрам тұрғын алабына 4 ақпа­раттық навигациялық тақта орнаттық. Алматы, Көкшетау, Өскемен қалаларында «Visit Shymkent» туристік ақпараттық орталығының туристік бұрышын аштық», деді басқарма басшысы Б.Әділханов.

Туризм басқармасы жыл сайын «ДәмДәсTour» гастро­номиялық фестивалін ұйым­дас­тырады. Ол аз уақыт ішінде шаһардың дәстүрлі мерекесі­не айналып үлгерді. Аталған фестивальда 50-ден астам та­мақ­тандыру орны өздерінің дәмі ерекше тағамдарын көп­шілікке ұсынады. Мұнымен қоса шаһардың туристік тар­тымдылығын арттыруға ба­ғыт­­талған кезекті ақпараттық «Blog tour» іс-шарасы өткізілді. Оған Түркия, Әзербайжан, Өзбек­стан, Тәжікстан, Ресей, Украина, Үндістан елдерінен және Қазақ­станның әр өңірінен кел­­ген 30-ға жуық танымал travel-блогер қатысты. Қала күні аясын­да «Drone show» іс-шарасы қолға алынып, аспанға 500 дрон ­ұшы­рылды. Бұл әдемі көріністі 50 мың­ға жуық адам тамашалады.

Көпшіліктің есінде қалған іс-шараның бірі – «Арбат» аллея­сында өткен «Street Food Fest» көше тағамдары фестивалі. Сол арқылы қаланың үздік көше тағам­дары насихатталды. Фес­тиваль аясында аспаздар шебер­лік сағаттарын өткізді, ал қол­өнершілер көрме арқылы өз бұйымдарын таныстырды. Соны­мен бірге «Мюнхен, Будапешт және Сиань» іс-шарасының да туризмді дамытудағы маңызы ерек­ше болды. Сол арқылы Шым­кентті шетелге таныстыру мақсаты қойылды. Аталған қала­ларға тікелей әуе рейстерінің ашы­луы осы іс-шараның өтуіне мұ­рындық болды. Оған жалпы саны 90 агенттік пен оператор, қонақүй саласының мамандары қатысты. Басқарма басшысы­ның мәлімдеуінше, қаланың турис­тік әлеуетін арттырып, оқиғалы туризмді дамыту мақсатында жыл соңына дейін туристерді қызықтыратын имидждік іс-шаралар қолға алынбақ. Олар­дың ішінде «Қызғалдақ жолы», «Батпырауық фестивалі», «Жарық шамдар» сияқты қызықты фестивальдар бар.

Сыртқы байланыстар бойын­ша жыл басынан бері 25 дип­ломатиялық кездесу өткен. Фран­цияның Қазақстандағы Тө­тенше және өкілетті елшісі Сильван Гиоге бастаған француз кәсіпкерлерімен бірге B2B және G2B форматындағы кездесуде қала әкімдігі мен Француз Республикасының Қазақ­стан­дағы елшілігі арасында 2025–2028 жылдарға арналған ынты­мақтастық пен бірлескен жоба­ларды дамыту жөніндегі жол кар­тасына қол қойылды. Соны­мен қатар осы жол картасы аясын­да сәуір айында Париж қала­сында Шымкент күндері ұйым­дастырылды. Еуропалық одақпен өзара ынтымақтастықты нығай­ту мақсатында Еуропа елдерінің 18 елшісі алғаш рет Шымкент қаласына жұмыс сапа­рымен келді. ҚХР-дің Қазақстандағы елшісі бастаған 12 қытайлық компания өкілі Шымкентте іссапармен болып, шаһардың инвестициялық әлеуетімен танысты. Сондай-ақ бауырлас Ош қаласы мэрінің бірінші орынбасары мен бизнес делегациясы Шымкент қаласына са­пары ­аясын­да әкімдікпен бірге Қырғыз Республикасының құрметті консулдығын ашып, бірқатар меморандум түзді. Болгария Президентінің Қазақстанға ресми сапары барысында Шымкент пен Пловдив қалалары арасында бауырластық қарым-қатынас орнатылды.

Жоғарыда аталған игі баста­малардың жүзеге асуына қалалық туризм, сыртқы байланыстар және креативті индустрия басқар­масының тартымды идеялары мен еңбегі елеулі үлес қосты.