Талғарда жасөспірім Шерзат Полаттың өліміне қатысты іс бойынша сотталғандардың бірі босатылды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Әңгіме Думан Ысқақ туралы болып отыр. Бұл туралы адвокат Мейірман Шекеев хабарлады.

"Думан Ысқақ бірінші инстанция соты тағайындаған жазасын өтегендіктен, 2025 жылдың 23 шілдесінде Алматы облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Мұсабекованың қаулысымен бұлтартпау шарасы жойылып, Ысқақ қамаудан босатылды", – деп жазды заңгер Instagram парақшасында.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от ХАЛЫҚ ЗАҢГЕРІ (@meir_halyq_zangeri)

Апелляциялық сот отырысы 18 тамызда сағат 11:00-де Алматы облыстық сотының ғимаратында өтеді.

Думан Ысқақ Қылмыстық кодекстің 434-бабы (Ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша жазаны кәмелетке толмағандарға арналған ең төменгі қауіпсіздіктегі түзеу мекемелерінде өтей отырып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

2024 жылдың 4 қазанында Талғарда жаппай төбелес болып, оның барысында 16 жастағы жасөспірім Шерзат Полат пышақ жарақатынан қайтыс болды. Рысқұлов ауылының тоғыз тұрғыны айыпталды: олардың бірі Абзал Шынасыл жасөспірімді өлтірді деп айыпталса, қалғандарына Қылмыстық кодекстің түрлі баптары бойынша: кісі өлтіруге оқталу, бұзақылық, ұрлық және ауыр қылмыс туралы хабарламау бойынша айып тағылды.