Шалғайдағы ауыл мектебінен үлкен аренаға шыққан жас спортшылар Қырғызстанда 2008-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында өткен халықаралық волейбол турнирінде ел намысын қорғады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл жарысқа Auyl sport 2024 республикалық турнирінің жеңімпаздары – Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бескөл ауылының қыздар командасы мен Алматы облысы Қарасай ауданы Үшқоңыр ауылының ұлдар командасы қатысты.

Жарыс барысында үлкен тартысқа толы ойындар өтті. Ұлдар арасындағы финалда Үшқоңыр ауылының командасы Қырғызстанның Чу облысы, Мраморное ауылының ұжымын 2:0 есебімен ұтып, чемпион атанды.

Қыздар арасындағы додада Бескөл ауылынан барған волейболшы қыздар тамаша ойын көрсетіп, жүлделі үшінші орын иеленді.

Жарысқа қатысқан спортшы Таисия Высоцкая халықаралық турнир үлкен тәжірибе болғанын жасырмады.

"Халықаралық турнирге бірінші рет қатысып тұрмын. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе болды. Қарсыластарымыз мықты болды, дегенмен біз жақсы ойнап нәтиже көрсеттік. Үшінші орын жеңіп алдық. Осы сапардың арқасында шекара асып, ел намысын қорғадық", — дейді волейболшы.

Halyk қорының атқарушы директоры, Auyl sport жобасының жетекшісі Ғалымбек Жақсылықұлы турнирдің маңыздылығын атап өтіп, балаларға қолдау көрсету басты басымдықтардың бірі екенін айтты.

"Қор балаларға әрдайым қолдау білдіруге ниетті. Әсіресе ауылда өскен талантты балалардың үлкен аренаға шығуына жағдай жасауға қашанда дайынбыз. Осындай жобалар арқылы олардың болашағына бағыт беріп, сенім сыйлай аламыз. Бұл қолдау бұдан әрі де жалғасады", - деді Ғалымбек Жақсылықұлы.