Шығыс Қазақстан облысында кене энцефалитінің алдын алу үшін салынатын иммуноглобулин препараты таусылып қалды.
Бұдан былай кене шаққан адамға бұрынғыдай екпе салынбайды. Тек қансорғыштың энцефалит жұқтыруы мүмкін екені зертханалық түрде дәлелденсе, нақты ем-шара жүргізіледі. Осы күнге дейін облыс бойынша 4 жарым мыңға жуық адамды кене шаққан. Кене энцефалитін жұқтырудың 17 жағдайы тіркелсе, тағы 15 адам бореллиозбен ауырған. Жәндіктер әсіресе Өскемен мен Риддерде көп шоғырланған.
Иван Мещеряков — эпидемиолог дәрігер:
- Қазір 10 литр екпеге тапсырыс беріп, күтіп отырмыз. Негізінен соңғы үш жылда бір маусымға 23 литрден аса иммуноглобулинге тапсырыс беретінбіз. Бірақ биыл жәндіктер ерекше белсенді болып тұр. Сол себепті болжанған мөлшер жетпей қалды. Егер адамды шаққан кенеден энцефалит анықталған жағдайда, науқасты емдеуге арналған препарат бар. Тек профилактикалық түрде қойылатын екпе таусылды.