Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі өкілдері еліміздің мектептерінде алғашқы қоңырау қашан соғылатынын мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқу-ағарту министрлігі өкілдері 1 қыркүйек – Білім күніне орай өтетін дәстүрлі салтанатты іс-шара туралы сұраққа ведомство басшысының жауабын ұсынды.
"Жаңа оқу жылы дәстүр бойынша 1 қыркүйекте басталып, 25 мамырда аяқталады. Оқу процесі 2 қыркүйекте басталады. Салтанатты жиынның күні мен уақыты мектептің педагогикалық кеңесінің шешімімен белгіленеді", — делінген хабарламада.
Сонымен қатар бүгін үкіметте өткен брифингте журналистер биыл Конституция күні сенбіге түскендіктен, мерекенің кейінге шегерілуіне байланысты 1 қыркүйек демалыс күніне сәйкес келетінін атап өтті. Журналистер үкімет басшысының орынбасарынан елімізде мектептегі салтанатты жиынды 2 қыркүйекке ауыстыру жоспары бар-жоғын сұрады.
"Егер педагогикалық кеңес салтанатты шараны 1 қыркүйекте өткізуге болады деп есептесе, біз, әрине, мұндай мүмкіндікті береміз. Бірақ ресми түрде барлық іс-шара 2 қыркүйекте өтуі керек, өйткені бұл жұмыс күні.
Бұрыннан солай болған. Біз тарихқа көз жүгірттік: демалыс күндері биыл ғана 1 қыркүйекке сәйкес келмеген, басқа жылдары да болған. Сол жылдары да 2 қыркүйекте басталған. Жаңа ғана сарапшылармен талқылағанымыздай, нақтырақ айтсақ, жұмыс күні, яғни 2 қыркүйек жұмыс күні болса, барлық шара, сабақтар да 2 қыркүйектен басталуы керек", — деп жауап берді премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев.
Ол Білім күніне орай ұйымдастырылатын іс-шара бірінші сынып оқушыларының ата-аналары үшін ерекше маңызды екенін айтты. Көшербаев іс-шараларды 2 қыркүйекте өткізу керектігін, бірақ мектептер қаласа, рұқсат алып, 1 қыркүйекте жиын өткізуге болатынын тағы да айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз