Қазақстанда цифрлық алаяқтық өршіп тұр және халықтың қаржысына едәуір қауіп төндіріп отыр. 2024 жылы алаяқтар қорқыту-үркіту, қысым жасау және тез ақша табуға уәде ету сынды тәсілдер арқылы қазақстандықтардың 45 млрд теңгесін қағып алған.
Адамдарға қауіпті танып-білуді үйрету үшін Алматы қаласы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқармасы Еуразиялық банкпен бірлесе отырып бірнеше ескерту видеосын әзірледі. Оқиғалар түрлі мемлекеттік мекеменің атынан қоңырау шалатындарға сеніп, әбігерге түскен немесе "жеңіл ақша", табысты инвестиция туралы ұсыныстарға алданып қалған адамдардың өмірінен алынған.
Өмірден алынған сценарийлер – маңызды ескертулер
Науқанның ерекшелігі – оған нағыз полиция капитаны Азамат Сәрсембектің қатысуы. Әр видеоның маңызды тұсында ол кейіпкерлерге "шын мәнінде не болып жатқанын" түсіндіріп, ойланбай жасаған қадамның салдары туралы айтады.
Полиция өкілдері алаяқтар бір сценариймен әрекет ететінін еске салады. Олардың міндеті – қорқыныш тудыру, кінәлау, үрейлендіру немесе керісінше жеңіл ақша табуға шақыру. Ондай жағдайда адам арбауға тез түсіп, кез келген нұсқауларды орындауға дайын тұрады.
"Күнделікті біз жолға қойылған тәсілдер арқылы әрекет ететін алаяқтардың арбауына түскен ондаған адам оқиғасын тіркейміз. Бұған төтеп беру үшін халық ондай жағдайлардан хабардар болуы керек және сақ болуы қажет. Сонымен бірге біздің Еуразиялық банкпен серіктестігіміз секілді ортақ іске күш жұмылдырған жөн. Біз халықтың сақ жүруі үшін ақпаратты кинотеатрларда да, метрода да жеткізуге тырысамыз", — дейді Алматы қаласы ПД киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі басқарма басшысы, полиция полковнигі Әнес Қалдыбаев.
Қателіктерге ұрынбауға көмектесетін кеңестер
Бұл Еуразиялық банк әзірлеген алаяқтыққа қарсы бейнероликтердің екінші сериясы. Алғашқы серияда қазақстандықтарға мына қарапайым ережені жеткізуге тырысқан: сізге әлдекім хабарласып (тіпті ол өзін қауіпсіздік қызметі, полиция немесе жеткізу қызметінің өкілімін деп таныстырса да), SMS арқылы келген кодты сұраса, я болмаса ақша аударуға үгіттеп, жеке деректерді айтуды өтінсе – "жоқ" деген жауап қайтарып, әңгімені аяқтаңыз.
Бейнероликтердің жаңа кезеңінде өмірде болатын жағдаяттарға назар аударылды. Онда адам бұрыс шешім қабылдап, бірақ дәл уақытында маңызды ақпарат алып, жағдайды түзеп үлгереді.
"Цифрлық қауіпсіздік қоғамға төнген ең үлкен қауіптің бірі болып отыр. Жаңа роликтерде біз әр адам өзін кейіпкердің орнына қойып, өміріндегі қауіпті ұсыныстардан бас тарта алуы үшін түрлі санаттағы адамдар бейнесін таспаладық", — дейді Еуразиялық банк басқарма төрайымы Ләззат Сатиева.
Роликтерді қайдан көруге болады
Видеороликтердің барлық сериясын Еуразиялық банктің YouTube-арнасынан көруге болады. Әр сценарий – сіздің бірер минутыңызды алады, бірақ сіз бен жақындарыңыздың ақшасын сақтап қалуға көмектесуі мүмкін.
*Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген 2020 жылғы 3 ақпандағы № 1.2.68/242/40 лицензия.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз