Ішкі істер министрлігі елімізде алкоголь өнімдерін сатуға бақылауды күшейтуді ұсынды. Бұл туралы Құқықбұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды, деп хабарлайды ІІМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың айтуынша, қоғамдық орындарда алкоголь ішуге қатысты 107 мың құқықбұзушылықтың жолы кесілген. 11 мың адамға алкоголь қолдануға тыйым салынған.

"Қоғамда ішімдікке төзбеуді қалыптастыруға жұртшылық тартылуда. Қазіргі таңда 402 елді мекен алкогольден бас тартты", — дейді ол.

Сондай-ақ биыл полиция алкоголь айналымы саласында 7 мыңға жуық заңбұзушылықтың жолын кескен. Кәсіпкерлік субъектілеріне 370 млн теңге көлемінде айыппұл салынып, 2 252 нысан лицензиясынан айырылған.

ІІМ-нің мәліметінше, алайда кейбір кәсіпкерлер лицензияны басқа тұлғалардың атына рәсімдеп немесе барлардың атын жамылып, тәулік бойы алкоголь сатуын жалғастырып жатыр.

Осыған байланысты отырыста келесі ұсыныстар айтылған:

  • лицензия беруге қойылатын талаптарды күшейту;
  • алкоголь өнімдерін тек жұмыс уақыты шектеулі арнайы дүкендерде сатуды қарастыру.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз