Ол үшін прокурордың санкциясы болуы міндетті.
Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев мәжіліс депутаттарының сұрауына орай, борышкерлердің есепшотындағы ақшаны бұғаттау мәселесіне қатысты түсініктеме берді.
Еске салайық, депутаттар борышкердің шотындағы қаражаттың түгел, яғни 100% бұғатталатынын айтып, бұл мәселені шешуді сұраған еді. Дегенмен, министрдің түсіндіруінше, екінші деңгейдегі банктердің шоттардағы барлық ақшалай қаражатты бұғаттау тәжірибесі 2022 жылдан бері тоқтатылған.
"Борышкердің банктік шотындағы барлық сомаға тыйым салу практикасын алып тастау қажеттілігі туралы мәселе 2022 жылғы 28 наурызда өткен Үкіметтік сағатының талқылау тақырыбы болғандығын атап өткен жөн. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша, Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының мәліметтері бойынша, екінші деңгейдегі банктердің шоттардағы барлық ақшалай қаражатты бұғаттау тәжірибесі тоқтатылды", – деп жауап берді Ерлан Сәрсембаев.
Министрдің айтуынша, сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында борышкердің мүлкіне, оның ішінде заңда көзделген жағдайларда прокурордың санкциясымен тыйым салуға міндетті. Бұл ретте сот орындаушысы атқарушылық құжаттың орындалуын қамтамасыз ету үшін өндіріліп алынатын сомаға мөлшерлес, борышкерге тиесілі бүкіл мүлікке бір мезгілде тыйым салуға құқылы.
"Сот орындаушысының банктік шоттардың нөмірлері және оларда ақшаның бар-жоғы туралы ақпаратты, банктердегі, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы, сондай-ақ сақтандыру ұйымдарындағы мүліктің сипаты мен құны туралы мәліметтерді талап ету және оларға тыйым салу туралы прокурормен санкциялаған қаулысында сол соманың шегінде тыйым салынатын ақша сомасы көрсетіледі. Борышкердің банктік шотындағы ақшасына атқарушылық санкцияны, орындау жөніндегі шығыстарды және жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеуді ескере отырып, атқарушылық құжатты орындау үшін қажетті сомада тыйым салынады", – делінген министрдің жауабында.
Оқи отырыңыз:
 Қазақстанда жұмыс берушілер қызметкерлерге 882 миллион теңге қарыз
 Мемлекеттік атаулы көмек: Енді үміткердің қарыздары мен депозиттері туралы ақпарат сұралады