Ақмола облысының тұрғындарына 2,5 млрд теңге жеңілдетілген несие беріледі.
Қаржылай қолдау «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асады. Қаржы мал шаруашылығын дамытуға және ауылшаруашылығы кооперативтерін құруға бағытталады.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының игілігін көргендердің бірі — Айболат Шыңғысхан. Өзен ауылының тұрғыны 30 млн теңгедей жеңілдетілген несие алып, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін ашты. Қазір жас фермердің еншісінде 50 бас асылтұқымды ірі қара бар.
Айболат Шыңғысхан, фермер:
- Негізі бағдарлама өте тиімді. Ауылдағы жастарға, ауылда жұмыс істеймін, ауылды дамытамын әрі қарай көтеремін деген жастарға өте тиімді. 2,5% алдым. Көп қиындық болған жоқ. Тек кепілің болу, бағатын жерің болу керек, жайылымдық жер қажет.
Зеренді ауданында мал шаруашылығын дамытуға және ет өндіру көлемін арттыруға басымдық берілген. Жергілікті кәсіпкерлер тек «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 48 жобаны жүзеге асырып жатыр.
Владимир Стригун, Зеренді ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
– Несие алғандар өнімдерін келісімшарт негізінде ет комбинатына тапсырады. Ол жерде баға нарықтағыдан жоғары болады. Егер бір келі ет нарықта 3500 теңге болса, зауытқа 3 600–3 700 теңгеден сатады. Ет комбинаты бәрін өздері өңдеп, дайын өнім шығарады.
Алдағы уақытта өңірде 24 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылады. Бұған 786 млн теңге жеңілдетілген несие қарастырылған.
Дина Ахметжанова «Кokshe» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ департамент директоры:
– «Ауыл аманаты» бағдарламасының басты мақсаты — ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру және өңдеуді дамыту. Қазір бағдарламаны іске асыруға бөлінген қаржыдан 1 млрд 848 мың теңге игерілді. Оның ішінде 270 млн теңгеге 12 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды.
«Ауыл аманаты» бағдарламасының тағы бір артықшылығы – жаңа жұмыс орындарының ашылуы. Былтыр бағдарлама шеңберінде 300-ден астам жұмыс орны ашылса, биыл 400 ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады.
Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев, 24KZ