Жамбыл облысында бұрын сотты болған алаяқ әйел кәсіпкерлерді 8,6 млн теңгеге сан соқтырды. Ол 4,5 жылға қайта сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Талас аудандық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, ол 8 адамды алдап соққан.

"Талас аудандық соты 8 адамға қатысты бірнеше рет жасалған алаяқтық (ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 3,4) тармақтары) үшін айыпталған Н.-ға қатысты қылмыстық істі қарады", делінген хабарламада.

Сотта әйелдің бұрын 2024 жылы алаяқтық жасағаны үшін сотталғаны (жаза жас баланың болуына байланысты 3 жылға кейінге қалдырылған), жұмыссыз және тұрақты табысы болмағаны анықталды.

"Ол өзін ЖШС-нің директоры ретінде көрсетіп, 2024 жыл бойы банктен 5% жеңілдікпен несие алуға жәрдемдесу сылтауымен азаматтарды адастырып, олардың ақшалай қаражатын заңсыз иемденген. Өз қызметінің заңдылығын айқындау үшін ол бизнесті дамытуға қарыз алуға жәрдемдесуге уәде беріп, жәбірленушілермен қызмет көрсету туралы жалған шарттар жасасқан. Н.-ның алаяқтық әрекеттерінен 8 кәсіпкер зардап шекті", делінеді сот материалдарында.

Келтірілген материалдық залалдың жалпы сомасы — 8,6 млн теңгеден астам. Кейбір жағдайларда Н. қаражатты ішінара қайтарып, адалдық елесін тудырып, осылайша жаңа құрбандарды тартқан.

Кінә қолхаттар, банктік түбіртектер, жәбірленушілер мен куәлердің айғақтарын қоса алғанда, дәлелдемелер жиынтығымен расталды.

Сотталушы несие беруге қатысқан үшінші тұлғаларға қаражат аударғанына сілтеме жасай отырып, кінәні ішінара мойындады. Сот жазаны тағайындау барысында ішінара кінәні мойындауын, жасаған ісіне өкініш білдіруін және 2017 жылы туған жас баласының болуын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

"Сот үкімімен Н. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 3,4) тармақтары бойынша кінәлі деп танылып, оған ҚК-нің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес үкімді орындауды 3 жылға кейінге қалдыра отырып, 4 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот жәбірленушілердің азаматтық талап қоюларын толық көлемде қанағаттандырып, Н-нан 8,6 млн теңгеден астам соманы өндіріп алды". Талас аудандық сотының баспасөз қызметі

Үкім заңды күшіне енді.

Бұған дейін Түркістан облысында Жетісай білім бөлімінің 46 қызметкері бюджет ақшасын жымқыру фактісі бойынша бір мезетте сотталғанын жазғанбыз. Бұл арадағы залал көлемі — 4 млрд теңге.