Танымал психолог Құралай ханым ең күрделі терапиядан өткенін айтып берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Психология маманы інісінің қазасынан кейін күйзеліске түскенін журналист Жанар Байсеміздің подкастында айтты.
“2020 жылы карантин кезінде анам қатты ауырды. Қаскелең қаласында ауырып жатты. Тыныс алу аппараты жоқ еді. Содан бастап анам мен бауырымды Астанаға көшуге үгіттедім. Қасымда болғанын қаладым. Бауырымның бүкіл малын саттырдым. Астанадан үй салуға көндірдім. Балалары Астанада оқып жатқан, соларды сылтауратып көшіріп әкелдім. Бірақ ағам көп ұзамай, жүрегі тоқтап, қайтыс болды. Жеңгемнің бетіне қарай алмай қалдым. Ағамның өліміне өзімді кінәладым. Өйткені, мен жылы орнын суытып, қоныс аударуға мәжбүрледім. Туған жерін тастап, достары мен араласатын ортасын тастап келді. Жаназасында 500-ге жуық адам келіп, көңіл айтты. Содан кейін өзім қатты күйзелдім”, – деді Құралай ханым.
Психологтың сөзінше, күйзелістен кейін терапиядан өткен.
“Бауырымның қазасынан кейін өзімді жоғалтып алдым. Дүние төңкеріліп кеткендей болды. Ұстаздарымның алдына барып, психологиядағы ең қиын терапиялардың бірі табыт терапиясына қатыстым. Құлағыма құлаққаппен жаназа намазын тыңдап жаттым. Менімен бірге 5-6 адам қатысты. Ешкімге мұндай терапия жасауға кеңес бермеймін. Кәдімгі табытқа түсіп, тірі қуыршаққа айналасың. Бәрін ойша жасайсың. Жолдасыммен қоштастым. 4 қызымды аманаттап тапсырдым. Бір кезде анамның “Куся” деген сөзін естідім. Сол кезде атып тұрдым. Өйткені мен анама ғана керек екенмін. Үш ай бұрын баласынан айырылды. Енді қызынан айырылса, мүлдем жүре алмай қалатынын ойладым. Адамдар жатқан жерден мен бірінші болып атып тұрдым. Сол кезде психологым “Мына адамдардан бұрын сен бірінші жетістікке жетесің” деді. Содан кейін қалпыма келдім. Жеңгем де басу айтып, “Көзінің тірісінде бүкіл шаруашылығын реттеп кетті. Аяқ астынан кетсе, малды да, шаруашылықты да реттей алмаушы едім” деді. Терапиядан кейін жақсара түстім”, – деді Құралай ханым.