Ел аумағында күн райы 40 градустан жоғары температураны көрсетіп тұр.
Ақмола облысында полиция қызметкерлері аптап ыстықта жолға шыққан жүргізушілерге су ұсынып, жол қауіпсіздігіне мұқият болуға шақыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Көлік жүргізіп келе жатып шаршау немесе ұйқы қысу сезілсе, жол шетіне тоқтап, тынығып алған жөн. Жүргізуші мен жолаушылардың өмірі – басты құндылық. Күннің қатты ысуына байланысты біз беті-қолды жууға немесе салқындауға көмектесу үшін су ұсынып жатырмыз, – деді Ақмола облысы ПД патрульдік полиция ротасының 1-взвод командирі Айбек Төлеубаев.
Полиция қызметкерлері алыс сапарға шығар алдында көлік құралдарының техникалық жай-күйін мұқият тексеруге және жолда тәртіп ережелерін қатаң сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ олар азаматтарды өз денсаулығына да жауапкершілікпен қарауға шақырады.
– Құрметті жүргізушілер, сіздерді үйде отбасыңыз күтіп отыр. Сондықтан жолда асықпай, демалып отырыңыздар. Полиция әрқашан сіздермен бірге, – деп атап өтті взвод командирі.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, мұндай алдын алу шаралары, әсіресе аптап ыстық күндері маңызды. Полиция тұрғындарды жолда абай болуға және жақындарын қауіптен сақтандыруға үндейді.