Тергеу соты жанармай бекетінің иесіне қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Атырау облыстық прокуратурасының хабарлауынша, бұл қылмыстық іс прокуратураның бақылауында. Жанар-жағармай бекетінің директоры күдікті деп танылып, үйқамаққа алынды, деп жазады inbusiness.kz сайты жергілікті "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.
Қайғылы жайт Құлсары қаласында 30 мамыр күні "Ниет" жанар-жағармай бекетінде болды. Ал, 20 шілде күні сол бекеттің директоры қамауға алынды.
"Ниет" жанар-жағармай бекетінде болған жарылыстан цистерна ішінде болған 43 жастағы Беркін Ибетов пен кассир болып жұмыс істеген 40 жастағы Мейрамгүл Сарбасова есімді ерлі-зайыптылар қаза тапты. Тағы 14 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған болатын.
Қаза тапқандардың отбасы екі ай бойы ата-аналарын жерлей алмады, себебі сараптама жасалады деп, сүйегін бермеген. Марқұмдардың ұлы тергеуге сенімсіздік білдіргенін жариялап, бас прокуратурадан істі бақылауға алуды сұрады. Құтқарушылардың болжамынша, қайғылы оқиғаға бір жерден газдың кеткені себеп болып, жарылған.
Аталған оқиғадан соң Атырау облысында автогаз және жанар-жағармай құю бекеттері жаппай тексерілді. Жылыой ауданы Құлсары қаласы "Ниет" жанар-жағармай құю бекетінің жобалау құжаттарынсыз жұмыс істегені анықталды.
Атырау облыстық ТЖД бастығының орынбасары Сырым Жаймағамбетовтың айтуынша, өртенген бекет жобалау құжаттарынсыз жұмыс істеген және "Азаматтық қорғау туралы" заңының 77-бабына сәйкес департаментке тіркелмеген. Мұны мамандар станцияның тұрғын үй секторына жақын орналасуымен байланыстырады.