АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында белгісіз біреу түнгі клуб алдында кезекте тұрған адамдарды көлікпен қағып кетті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24.kz-ке сілтеме жасап.

Оқыс оқиға таңға таяу мегаполистің Шығыс Голливуд ауданында болды. 30 азамат түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті. Төтенше жағдай орнына 100-ден астам өртсөндіруші мен полиция қызметкері келді. Құқық қорғау мамандарының хабарлауынша, жүргізуші мас күйде көлік жүргізген. Оқыс жағдайдан кейін куәгерлердің бірі оған оқ атқан. Алайда қару кезенген адам бірден оқиға орнынан ізін суытты. Ауруханада жатқан жүргізушінің жағдайы бірқалыпты деп бағаланып отыр. Оған қасақана кісі өлтіруге оқталу және қауіпті шабуыл баптары бойынша іс қозғалды.

"Бүгін таңғы сағат 2 шамасында Шығыс Голливудтағы жол-көлік оқиғасына байланысты шақырту түсті. Оқиға орнында жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Көлік адам көп тұрған жерге кіріп кетіп, тамақ сататын дүңгіршек пен көлік тұрағының тұғырын соққан. Жараланғандар саны – 30. Олардың жетеуі ауыр халде, алтауы орташа жарақат алған, он адам жеңіл жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Тағы жеті адам медициналық көмектен бас тартты. Оқиға орнында тергеу жұмыстары жүріп жатыр", — деді Лос-Анджелес өрт сөндіру қызметінің ресми өкілі Адам Вангерпен.

Бұл жағдай Лос-Анжелесте кейінгі үш күнде болған екінші оқыс оқиға. Өткен жұма күні қаладағы шериф департаментінің оқу базасында жарылыс болып, үш адам қаза тапқан еді. Қайғылы оқиғаның себебі әлі жарияланбады. CBS арнасының мәліметінше, әскерилер көлік тұрағынан табылған гранатаны залалсыздандыру кезінде опат болуы мүмкін.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget