Қытайда жерлесіміздің арзан әзілге негізделген контенті полицейлер назарына ілігіп, қоғам арасында үлкен дау тудырып жатыр. Өрескел, жүйесіз пранк жасаған блогердің әркетін қазір тек отандық қана емес Қытайдың да басылымдары жарысып жазуда. Әлеуметтік желі – қорғансыз, қараусыз күйде деп дабыл қағып отыр. Пранк түсіру қаншалықты заңды? Қарапайым тұрғындар нені білуі керек?
Бұл — жерлесіміздің Қытайдың Гуанчжоу қаласында түсірген видеолары. Бейнежазбада отандасымыз метрода ер адамға ерсі қылық көрсетеді, ал енді бір видеода бейтаныс қызды ұрлық жасады деп арандату арқылы оның әрекетін таспаға түсіреді. Жергілікті тұрғындар қоғамның назарын өзіне аударту үшін түсірілетін жүйесіз видеоларға наразылық білдіруде. Қытайлық басылымдар мұндай әрекеттерге жаза қарастырылғанын жазды. Қазір полиция қытайдың барлық платформаларынан блогердің аккаунттарын бұғаттады. Гуанчжоу полициясы тергеуді бастады. Иә жалпы қазір желіде «әлеуметтік эксперименттен» көз сүрінеді. Тым артық кететіндері көбейді дейді тұрғандар.
Жыл басынан бері пранк жасаған 24 адам жауапкершілікке тартылды
Иә жауапкершілікті сезінбейтіндер бар. Мәселен, жақында жігіт пен қыз коммуналдық қызметкерге дөрекі сөйлеп, артынша ақшамен көңілін ауламақ болған видео да желіде сынға ұшырады. Олар айыппұл арқалап, 10 күнге қамауға алынды.
2 млн оқырманына сегіз жылдан бері отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрген Камила Саян «қазір кей блогерлер қоғам алдындағы жауапкершілікті мүлдем сезінбейді»,- деп есептейді.
Камила Саян, блогер:
Расымен де мықты блогер боламын десең, жер өртемей-ақ, ыңғайсыз дүниелер жасамай-ақ қалыптастыру керек. Блогерлер мемлекет ішіндегі бөлек әлем болып жүрміз. Яғни, блогерлер сәл сескену керек сияқты. Қазір әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ.
Заңгер: Әлеуметтік желіні қатаң бақылауға алу керек
Ал заңгер Кәмшат Шынтекова арзан әзілдің құрбаны болған жәбірленуші сотқа шағым түсіріп, блогерден моральдық және материалдық өтемақы талап ете алады, деп отыр. Тіпті, әлеуметтік желіге салғаны үшін қылмыстық іс қозғалуы мүмкін, дейді.
Кәмшат Шынтекова, заңгер:
Егер ол пранк адам өміріне қиянат жасайтын болса, құқығын қозғайтын болса барлығы жазалануы тиіс. Мына блогерлерді үдетпеу керек. Егер үдететін болсақ, жаңа бап керек. Себебі, бұлардың да жауапкершілігі күшеюі қажет.
Жылпы биыл жыл басталғалы жүйесіз видеоларды әлеуметтік желіге салғаны үшін 24 адам жауапкершілікке тартылған. Бұл шамамен 100 мың теңге айыппұл төлеуге міндеттеледі. Кей жағдайда 10 күнге темір торға қамалады. Адамның ар-намысын қорлайтын әрекеттер үшін жауапсыз қалмайтыны ескертеді.
Айдана Қуантхан