Қазақстан құрамасы әлемдік деңгейдегі зияткерлік сайыстарда жоғары нәтижелер көрсетуді жалғастыруда. Аустралияда өткен мектеп оқушыларына арналған ең беделді пәндік олимпиадалардың бірінде отандық оқушылар алты медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Zakon.kz.
ҚР Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Математикадан халықаралық олимпиадаға (International Mathematical Olympiad, IMO-2025) 112 елден 650-ге жуық үздік жас математик қатысты. Қазақстан құрамасы тағы да үздіктер қатарынан көрініп, төрт күміс және екі қола медаль иеленді.
- Мирон Юркевич — Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 12-сынып оқушысы;
- Амирлан Аманжолов — Алматы қаласындағы Haileybury Almaty мектебінің 11-сынып оқушысы;
- Марғұлан Шарел — Астана қаласындағы Spectrum International School мектебінің 11-сынып оқушысы;
- Амир Сахипов — Алматы қаласындағы РФММ мектебінің 11-сынып оқушысы;
- Ерасыл Алтынбек — Алматы қаласындағы Nurorda мектебінің 10-сынып оқушысы;
- Ерқанат Кеншілік — Ақтөбе облысындағы "Білім-инновация" лицей-интернатының 11-сынып оқушысы.
Ұлттық құраманың ғылыми жетекшілері — PhD докторы Асылбек Исахов пен халықаралық олимпиадалардың жеңімпазы Канат Сатылханов.
IMO олимпиадасы 1959 жылдан бері өткізіліп келеді және ол әлемдегі ең беделді жеті пәндік олимпиаданың қатарына кіреді (International Science Olympiads). Қазақстан бұл жарысқа 1993 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде ұлттық құрама 16 алтын, 55 күміс, 81 қола медаль және 29 құрмет грамотасын жеңіп алған.