Қазақстан Энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газының бағасын көтеруді ұсынды. Энергетика министрлігінің тиісті бұйрық жобасы "Ашық НҚА" порталында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Энергетика министрлігі ұсынған мәліметке сәйкес, бағаны өсіру сұйытылған мұнай газын өндіру шығыны әлі де ақталмай жатқанына байланысты қажетті шара болып отыр. Қазіргі таңда СМГ өндірудің өзіндік құны тоннасына 70–80 мың теңге аралығында болса, ал зауыттар үшін белгіленген шекті көтерме баға тоннасына 51 932 теңге деңгейінде қалып отыр.
Айта кету керек, сұйытылған мұнай газының тұтыну көлемі тұрақты түрде өсіп келеді: 2022 жылы – 1,8 млн тонна болса, 2024 жылы – 2,4 млн тоннаға дейін жетті.
Сарапшылар болжамы бойынша, 2025 жылы ішкі нарықтағы тұтыну көлемі тағы 200 мың тоннаға артып, 2,6 млн тоннаны құрайды. Бұл ретте, газ тапшылығы 30–40 пайыз деңгейінде болуы мүмкін.
"Сонымен қатар Қазақстандағы сұйытылған мұнай газының бағасы ТМД елдері арасында ең төмен деңгейде қалып отыр", — дейді министрлік өкілдері.
Бұйрық жобасына сәйкес, СМГ-ға шекті көтерме баға тоннасына 51 932 теңгеден 59 722 теңгеге дейін көтеріледі.
Аймақтық ерекшеліктерді ескере отырып, шекті бөлшек баға 7–10 теңгеге артады.
Министрлік баспасөз хабарламасында әр өңірде газ бағасын қанша теңгеге өсіруді ұсынып отырғанын жазған:
- Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бағаны 77 теңгеден 85 теңгеге дейін;
- Ақмола, Алматы, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарында, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында газ бағасын 102 теңгеден 112 теңгеге дейін;
- Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары мен Шымкентте газдың литрін 90 теңгеден 102 теңгеге дейін көтеру ұсынылып отыр.
"Бұл шара ішкі нарықты толық көлемде қамтамасыз етуге, сондай-ақ газ өңдеу саласына инвестиция тартуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған", — деп түсіндірді министрлік өкілдері.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз