Іле Алатауы ұлттық паркіне кіру тәртібі жаңарды, деп хабарлайды 24KZ. Бұрын шлагбаумда ұзын сонар кезек күткен көліктер енді цифрлық жүйенің шапшаңдығын сезіне бастайды.
Қазіргі таңда 10 бақылау бекетінің төртеуінде жаңа төлем жүйесі толық іске қосылды. Тағы екеуінде сынақ жүргізіліп жатыр. Кіреберістегі камералар көліктің нөмірін, түрін, көлемін автоматты түрде анықтап, QR-код жасайды. Жүргізуші оны смартфон арқылы сканерлеп, кез келген банк қосымшасымен төлем жасай алады. Көлік түріне қарай баға да әртүрлі. Мәселен, жеңіл көлікке 1179 теңге болса, ал 16 орындық автобусқа кіру құны 5111 теңге. Төлемді алдын ала жасауға да мүмкіндік қарастырылған. Парк басшылығының айтуынша, бұл цифрлық жүйе турист ағынын реттеп, шамадан тыс жүктемені бақылауға септеседі.
Арқау Шантаев, Іле Алатауы ұлттық паркі бас директорының орынбасары:
- Қазіргі уақытта кептеліс болады. Бірінші, екінші апта көлік кептелісі. Себебі тұрғылықты халық бар, Алматы қаласы бізге өте жақын тұр. Сондықтан енді адамдар алдын ала төлеуді үйреніп жатыр. Қандай көлік келіп тұрғанын камера оқып, нөмірін оқып, кузовын шығарып береді, дайын QR-менен төлеп өте береді.