Сот процесінде оның iPhone 13 телефонын тексеру нәтижесі жарияланды.

Мұны мемлекеттік айыптаушы Мәдина Оразалина оқып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Еске салайық, бүгін Перизат Қайратқа пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысының бесінші күні жабық режимде өтті.

– Перизат Қайратпен болған хат алмасу қаралды. Атап айтқанда, 2022 жылдың 8 қыркүйегінде П.Қайрат айыпталушы анасына ерекше балаларға арналған оңалту орталығының құрылысы туралы презентацияны WhatsApp арқылы жібергені анықталды. Бұдан бөлек, Перизат Қайрат анасына жіберген көптеген фотосуреті де, хат алмасуы да бар. Мысалы, іс материалдарының №70 және №71 беттерінде 2022 жылдың 1 желтоқсанында жіберілген, ақша салынған бума бейнеленген фотосуреттер бар. Ақша сомасы – 10 миллион теңге. Сурет селфи түсірілген, – деді прокурор М.Оразалина.

Сот барысында Перизат Қайраттың анасы Ғайни Алашбаеваның iPhone ұялы телефонындағы "Заметки" қосымшасына сақталған жазбалар да көрсетілді.

Онда:

"37 000 000.

5 000 000 – тіс емдеу;

10 000 000 – Түркияға барып емделіп келу;

3 000 000 – БАД-ы алып ішу;

10 000 000 – қыдыру;

3 000 000 – фэн шуй;

10 000 000 – базцы оқу;

2 000 000 – офлайн бару, қыдыру сол уақыттарда;

3 000 000 – киім алу;

3 000 000 – білезік, ақ алтын, бриллиант", – деп жазылған.

Осыған дейін аталған қылмыстық істе 50-ге жуық жәбірленушінің бар екенін хабарладық.

Сондай-ақ, Перизат Қайрат пен анасының 3,5 миллиард теңгені қайда жұмсағанын да жаздық.