Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №60 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғанға тыйым салынған затты жеткізу әрекеті әшкереленді.
Тыйым салынған затты 8 жылға сотталған жазасын өтеушіге танысы алып келген. Танысының алып келген сәлем-сауқатын тексеру кезінде, мекеме қызметкерлері бөлке нанның ішіне ұқыппен жасырылған REDMI ұялы телефонын анықтап, тәркіледі.
Мекеменің режим бөлімінің жедел уәкілі Самат Омаровтың айтуынша, мұндай тыйым салынған заттарды мекеме аумағына кіргізуге тырысатындар әлі де кездеседі.
"Әкелінген барлық сәлем-сауқаттар рентген аппараты арқылы толық тексеріледі. Соған қарамастан кейбір азаматтар заңсыз жолмен тыйым салынған заттарды өткізуге әрекет етеді. Бірақ заңды білмеу — жауапкершіліктен босатпайды. Біз бұл бағытта туыстармен күнделікті түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз", — деді ол.
Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 481-бабы бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, тиісті құжаттар сотқа жолдау үшін дайындалуда.
Жыл басынан облыс аумағындағы ҚАЖ мекемелерінде сотталғандарға тыйым салынған заттарды, оның ішінде ұялы телефондарды кіргізбек болған 7 дерек тіркелген. Барлығы дер кезінде анықталып, заң аясында шаралар қабылданған.