Power Slap турнирлерін UFC президенті Дана Уайт ұйымдастырады.
Power Slap 14 турнирі Қазақстан уақыты бойынша 19 шілде күні таңғы сағат 06:00-де өтеді. Бұл кеште еліміздің намысын Зәкір Найманбаев қорғайды. Ол Купер Хауслимен кездеседі. Қарсыласының еншісінде екі жеңіс және бір тең нәтиже бар.
31 жастағы семейлік Найманбаев Power Slap лигасында бұған дейін екі жекпе-жек өткізді. Ол 30 қаңтарда Абу-Дабиде өткен алғашқы кездесуде дебютант Троэль Нильсенді нокаутқа түсіріп, 10 000 доллар көлемінде сыйақыға ие болды. Ал 28 маусымда америкалық Брайс Джонсонды бірінші соққымен-ақ есінен тандырғанымен, ереже бұзғаны үшін жекпе-жек нәтижесі қазақстандық спортшының дисквалификациясымен аяқталды.
Осы жекпе-жектен кейін Зәкір елге қайтамын деп жоспарлаған. Алайда UFC және Power Slap лигасының басшысы Дана Уайт оны келесі турнирге дейін қалуға шақырған.
Дана Уайт маған: “Сен бұл жекпе-жекте жеңдің” деді", – дейді Зәкір Найманбаев жанкүйерлерге даулы кездесуі жайлы.
Зәкір Найманбаев Семей қаласында тұрады. Ол дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Сонымен қатар Азия чемпионы, пауэрлифтингтен рекордтар иесі.