Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ — ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорны) жоспарлы алдын алу жұмыстары сәтті аяқталды. Іс-шаралар 2025 жылдың 18 маусымында басталып , 16 шілдеде аяқталды. Олар ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сай жүргізіліп, мерзімінен бір күн ерте орындалды, деп хабарлайды "ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясының баспасөз қызметінен.

Жоспарлы жұмыстарды өткізу — "Азаматтық қорғау туралы" заңының міндетті талабы және зауыттың өндіріс стратегиясының маңызды бөлігі. Бұл жұмыстар кәсіпорынның үздіксіз әрі қауіпсіз қызметін, сондай-ақ экология саласы стандарттарының сақталуын қамтамасыз етеді.

Жоспарлы алдын алу жұмыстары барысында мынадай іс-шаралар атқарылды: қысыммен жұмыс істейтін 137 жабдық, технологиялық пештердің 16 секциясы, жалпы ұзындығы 140 мың қума метрден асатын 930-дан астам технологиялық құбырларға техникалық куәландыру және сараптама өткізілді, 78 сорғы-компрессорлық жабдық жөндеуден өтті және бақылау-өлшеу аспаптарына, автоматика мен электр жабдықтарына жоспарлы тексеру жүргізілді.

Мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысында электр дегидраторларды және металл конструкцияларын ауыстыру бойынша күрделі жұмыстар жүргізілді. Орнатылған жаңа жабдықтың жалпы салмағы 512 тоннаны құрады. Сонымен қатар сұйытылған газды сақтау паркінде жалпы салмағы 216 тонна болатын ыдыстар ауыстырылды. Бұл шаралар өндірістің сенімділігі мен қауіпсіздігін едәуір арттыруға ықпал етеді.

Зауыт шығаратын өнімнің сапасын жақсарту мақсатында мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысының К-102, мұнайды терең өңдеу кешенінің К-101, К-105, К-108, К-601, сондай-ақ күкірт өндірісінің К-201 және баяу кокстеу қондырғысының К-1 технологиялық колонналарының ішкі құрылғылары ауыстырылды. Аталған іс-шараларды орындау үшін 1 310 маман тартылып, 107 бірлік автомобиль және арнайы техника жұмылдырылды.

Павлодар мұнай-химия зауытында жүргізілген жоспарлы алдын алу жұмыстары жабдықты тұрақты күйде сақтауға және өндірістің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.