Қазақстандық жауынгерлер дрондарды мылтықпен атып түсіруді меңгеріп жатыр.

Елордада құрлық әскерлері әскери бөлімдерінің нұсқаушылары үшін 5 күндік оқу-әдістемелік жиын өтті. Шара барысында жауынгерлер тегіс ұңғылы қарумен әуедегі нысананы атып үйренеді. Мұндай тактиканың берер қандай пайдасы бар?

Әлемдегі қарулы қақтығыстар дрондардың әлеуетін айқын көрсетті. Ұшқышсыз ұшу аппараттары барлау, шабуыл және қорғаныс кезінде шешуші рөл атқарады. Сондықтан да ел армиясы әскери тактиканы қайта қарап, жаңашылдықтар енгізуге ден қойған.

Мереке Көшекбаев, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы:

- Бұл жиындардағы басты мақсатымыз – нұсқаушыларды арнайы даярлықтан өткізу. Кейін олар өз әскери бөлімдерінде өзге жауынгерлерге жүйелі түрде сабақ беретін болады. Қазір дронның түр түрі бар. Осылайша біз сарбаздарды ұшқышсыз ұшу аппараттарынан қорықпай, оларға қарсы тойтарыс беруге машықтап жатырмыз.

Жаттығуда сарбаздар қысқа уақыттың ішінде дронды атып түсіруді үйренеді. Ол үшін автомат емес, тегіс ұңғылы мылтықтар пайдаланылады. Әскерилердің айтуынша, көкте қалықтаған нысананы бытырап ұшқан оқпен атып түсіру жеңіл.

Батырхан Бексұлтанұлы, №30238 әскери бөлімінің взвод сержанты:

- «Гладкоствольный» қарулармен дайындалып жатырмыз. Форт-500, Beretta. 30 секунд беріледі. Қаруға байланысты. Егер Берет болса 50 секунд. Меніңше «гладкостольный» қару дұрыс деп ойлаймын. Өйткені бытыра болып ұшады. Дрон бір орында тұрмайды. АК-да бір оқжатар. Ал бытыра жан-жаққа шашырайды.

Бұл жиындар елордада аптаның соңына дейін жалғасады. Кейін шеберліктерін шыңдаған жауынгерлер өз әскери бөлімдерінде басқа сарбаздарды дронға қарсы шабуыл жүргізуге үйрететін болады.