Тілсіз жауды ауыздықтауға ТЖД, ЖАО 100 қызметкері және шамамен 60 техникасы жұмылдырылып отыр.
Оқыс оқиға Астана қаласы, Байқоңыр ауданы Алаш тас жолының бойындағы базарлардың бірінде болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
ТЖМ баспасөз қызметі қазіргі уақытта өрттің оқшауланғанын хабарлады. Оқиға орнында бірден өрт сөндіру штабы құрылған. Сумен үзіліссіз қамтамасыз ету де ұйымдастырылды. Өрт сөндірушілер келген кезде от тарап кеткен.
– Өртті оқшаулау үшін барлық шара қолданылып жатыр. Өртті сөндіру үшін су оқпандары берілді, биік техникалар да қолданылды. Өрт туралы хабар кеш берілгендіктен, өрт бүкіл ғимарат аумағына тарап, үлкен көлемде өршіді. Көп көлемді жанғыш жүктеменің болуы өртті сөндіру жұмыстарын қиындатты. Астана қаласы ТЖД, ЖАО 100 қызметкері және шамамен 60 техникасы жұмылдырылды. Су үздіксіз беріліп жатыр. Зардап шеккендер туралы ақпарат 112-ге түскен жоқ, – делінген хабарламада.
Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Қанат Алтынбековтің айтуынша, сағат 6:19-дағы жағдай бойынша базардағы өрт оқшауланды. Дегенмен өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрттің аумағы нақтыланады.