Астанадағы "Қазанат" атшабарында 19-20 шілде күндері қазақ халқының дәстүрлі сусыны — қымызға арналған ауқымды "BaiQymyz — Бапталған қымыз" гастрофестивалі өтеді. Іс-шараға еліміздің барлық өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысады деп күтіліп отыр. Қонақтар саны 60 мың адамға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды Астана қаласының әкімдігінің баспасөз қызметінен..

Фестивальге байланысты 19-20 шілде күндері №18, 37 және 303 бағытындағы автобус қозғалысына уақытша өзгерістер енгізіледі. Осыған орай, қала тұрғындары мен қонақтарына жол жүру бағытын алдын ала жоспарлау ұсынылады.

Іс-шараның басты мақсаты — ұлттық тағам мәдениетін қайта жаңғырту, атап айтқанда, қымыз өндірісін ілгерілету және бұл дәстүрді халықаралық деңгейде таныстыру. Фестиваль аясында ең үздік қымыз өндірушіні анықтайтын байқау өткізіледі.

Жеңімпаздар мынадай жүлде қорымен марапатталады:

• І орын — 20 млн теңге;

• ІІ орын — 15 млн теңге;

• ІІІ орын — 10 млн теңге.

Жалпы жүлде қоры — 45 миллион теңге.

Фестиваль қазақтың ұлттық сусынын — қымызды денсаулық пен қонақжайлылықтың символы ретінде дәріптеуге, сонымен қатар еліміздегі агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беруге бағытталған.