Астанада Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты сот отырысында куәгерлерден жауап процесі жалғасып жатыр.

Сот отырысында куәгер Толғанай Боранқұловадан жауап алынды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Прокурор Мәдина Оразалина сотталушы Перизат Қайраттың ұялы телефонындағы (2023 жылғы 18 мамырдағы) хат алмасуды оқып берді.

Мемлекеттік айыптаушының мәлімдеуінше, Перизат Қайрат танысымен хат алмасу барысында қазақстандық дипломды алу мүмкіндігі туралы сұрастырған.

– Қазақстан дипломын "жасатып алуға" көмектесетін таныстарың бар ма? – деп оқыды прокурор Толғанай Боранқұловаға жіберілген хабарламаны.

Куәгер өз кезегінде хат алмасудың шынайылығын растады.

– Менің ойымша, сол уақытта ол бір министрдің көмекшісі болып жұмысқа орналасып жатыр еді, – деп толықтырды Толғанай Боранқұлова.

Оның айтуынша, күдікті Перизат Қайратпен достық қарым-қатынаста болған.