Жамбыл облысында колониядан қашқан сотталған азаматқа қатысты іс қаралды. Ер адам рұқсатпен сыртқа шыққаннан кейін қайта оралмаған және тоғыз айдан астам уақыт Алматыда жасырынып жүрген, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жамбыл аудандық сотының баспасөз қызметінің мәліметінше, қашу оқиғасы 2024 жылғы жазда болған. Жазасын өтеушіге Таразға барып, ХҚКО-ға кіру және болашақ жұмыс берушімен кездесу үшін рұқсат берілген. Ол кезде сотталған азамат колония қызметкерлерінің бақылауында болған, алайда оларды алдап, қашып кеткен.

Осылайша, Таразда ол колонияға қайтудан бас тартып, бақылаушылардан қашып құтылып, Алматыға кетіп қалған. Оның өтеу керек мерзімі – 9 ай 17 күн болған.

"2024 жылғы 3 қыркүйекте К. халықаралық іздеу жарияланды. Оны Алматыда 2025 жылғы мамырда полиция қызметкерлері ұстады. Кінәсі өзінің және куәгерлердің жауабымен, сондай-ақ қылмыстық істің материалдарымен дәлелденді", — делінген сот материалында.

Сотта айыпталушы кінәсін мойындап, осы уақыт бойы құрылысшы болып жұмыс істеп, қарыздарын өтеуге тырысқанын айтқан.

Сот ер адамды 1,5 жылға бас бостандығынан айырды. Жамбыл аудандық сотының хабарлауынша, үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сот жеңілдететін жағдайлар ретінде кінәні мойындау мен шын жүректен өкінуді есепке алды, ал ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.