Журналист Қайнар Олжай Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінде түсірілген даулы видеодан кейін музей дирекциясы нақты шара қабылдауы тиіс екенін мәлімдеді,деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Оның пікірінше, музей басшылығы Әлия есімді азаматшаны мекемеге кіргізбеу туралы ресми бұйрық шығаруы керек.
Қайнар Олжайдың айтуынша, видео авторы – әлеуметтік желіге жүктеу арқылы әдептен аттап, Абай тұлғасына және музейдің рухына нұқсан келтірді.
«Бұл әрекет музейді құрған, онда қызмет еткен адамдардың бәрін мазақ ету сияқты естіледі. Аузынан байқаусызда шығып кеткен сөз емес – ол екі рет қайталайды, тіпті келушіден де айтқызуға тырысады», – деп жазды Олжай.
Қайнар Олжайдың ұсынысы бойынша музей басшылығы мынадай нақты қадамдарға баруы тиіс:
- Әлияның құжаттағы толық аты-жөнін анықтап, фото тіркей отырып, музейге кіргізбеу туралы бұйрық шығару;
- Абайдың 180 жылдық мерейтойы аяқталғанша музейде фото, видео және аудио түсірілімге уақытша тыйым салу;
- 2018 жылы құрылған «Қазақстан тұлғалық музейлер қауымдастығына» осы шешім туралы ресми хабарлама жолдау.
Олжай бұл әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылмағанымен, рухани тұрғыдан ауыр зардап болғанын айтады.
«Кешірім сұрау да ештеңе емес. Бір рет ащы сабақ берсе, сонда ғана санаға шегеленеді. Қазақты қазақ етемін деп ащы сабақ берген Абай атамыздың өзі емес пе!» – деп қорытындылады журналист.