Қостанай облыстық ауруханасында науқас дәрігерге қол көтерді.

Ауыр соққы алған дәрігер жансақтау бөлімінде жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Қостанай облыстық ауруханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, күрделі ота аяқталғаннан кейін хирург қабылдау бөлімшесіне түсіп, кезек тәртібімен науқастарды қабылдаған. Алайда, кезекте тұрғандардың бірі ашуға бой берген.

"Кезекте үшінші тұрған науқас агрессивті мінез танытып, дәрігерге соққы жасады. Салдарынан дәрігер есінен танып қалды. Қазіргі уақытта ол ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиға орнында полиция тергеу жұмыстарын жүргізуде", – деп хабарлады медициналық мекеме.

Аурухана ұжымы болған жайтты жай оқиға деп санамайды.

"Бұл – күн сайын адам өмірін арашалап жүргендерге қарсы жасалған қылмыс. Біз әділ тергеу жүргізілуін талап етеміз және медицина қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақырамыз. Дәрігерге жасалған әрбір соққы – денсаулық сақтау жүйесіне жасалған соққы. Дәрігерлерде қару жоқ. Олардың жалғыз "қаруы" – білім, қол мен жүрек. Олар солардың көмегімен бізді құтқарады. Оларды да үйінде отбасылары, жақындары тірі және аман-есен күтіп отыр", – деп мәлімдеді медицина мекемесінің өкілдері.