Дархан Сатыбалды жұмыс сапарының соңында мерзім мен жобалық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Абай даңғылынан әл-Фараби даңғылына дейінгі Достық даңғылы учаскесіндегі кешенді абаттандыру жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды әкімнің баспасөз қызметі.
Әкімдіктің мәліметінше, жоба жайлы қоғамдық кеңістікті қалыптастыруға бағытталған. Мұнда тротуарлар жаңартылып, сквер салынады, спорт алаңдары мен шағын сәулеттік пішіндер орнатылады. Сонымен қатар көгалдандыру, жаяу жүргіншілер аймағын кеңейту және реттелген автотұрақтарды ұйымдастыру көзделген.
"Бұған дейін бұл учаскеде тротуарлар тар және біркелкі болған, автотұрақтар ретсіз қойылып, жасыл аймақтар күтімсіз қалған, велосипед инфрақұрылымы болмаған. Мамандардың айтуынша, бұл аумақты жаңаша ойластырып, кешенді жаңғырту қажет болған. Жұмыс 4,18 гектар аумақты қамтиды, қайта жаңғыртылатын учаскенің ұзындығы 1,5 км. Жобаны "Алматыбасжоспар" ғылыми-зерттеу институты әзірлеген және мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған", – делінген хабарламада.
Оқи отырыңыз: Алматыда көше қиылысында газ құбыры жарылып, бір автокөлік зақымданды
Дархан Сатыбалды жұмыс сапарының соңында мерзім мен жобалық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол Алматы көшелері қала тұрғындары мен қонақтары үшін таза, заманауи және ыңғайлы болуы керек екенін атап өтті.
"Даңғылды абаттандыру қалалық ортаның сапасын арттыруға, қауіпсіз және заманауи инфрақұрылым құруға, қала тұрғындарының жайлылығын арттыруға бағытталған", – делінген хабарламада.