ҚМА-ның Шымкент қаласы бойынша департаменті "ҚазМұнайГаз Инвест" қаржы пирамидасының заңсыз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды ҚМА-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, алаяқтық схема азаматтардың сенімін теріс пайдалану арқылы құрылған.
"Ұйымдастырушылар "ҚазМұнайГаз" Ұлттық компаниясының акцияларын сатып алу арқылы мол және жылдам табыс табуға уәде берген. Күдіктілер салымшыларға әр 15 күн сайын 50 пайыз кіріс түсетінін айтып, оларды алдаған.
Алайда іс жүзінде ешқандай бағалы қағаздар сатып алынбаған. Төлемдер тек жаңадан тартылған қатысушылардың қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Бастапқы салым сомасы 500 мың теңгеден басталған.
Нәтижесінде шамамен 200 азамат қаржы пирамидасының құрбанына айналып, жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам қаржысынан айырылған.
Заңсыз жолмен алынған кірістерге күдіктілер Түркістан облысында жалпы құны 438 млн теңгеден асатын мүлік – екі қымбат көлік (Tank 500, BMW X5), тұрғын үй және коммерциялық нысан (мейрамхана) сатып алған. Бұл мүліктер тәркілеуден жасыру мақсатында туыстарының атына рәсімделген", — делінген хабарламада.
Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынған. Күдіктілер қамауға алынған.
Хабарламада тергеу амалдары жалғасып жатқаны, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жарияланбайтыны айтылған.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз