Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында сотталушы Перизат Қайрат пен оның анасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында үшінші эпизод — Қазақстандағы су тасқынына қарсы күрес кезінде жиналған қаржыны жымқыруға қатысты куәгерлерден жауап алынып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жәбірленуші тарап өкілі Нұрлан Жүсіпбеков 25 сәуір күні «Biz Birgemiz Qazaqstan» қоғамдық бірлестігіне екі компанияның есепшотынан 2,5 млн теңгеден 5 млн теңге аударғанын айтты.

Келесі куәгер Алматылық студент Камила Айдарқызы туыс әпкесімен бірге әлеуметтік желі арқылы 800 мың шамасында қаржы жинап, айыпталушы басқарған қорға аударған.

Куәгер прокурордың «қордың шынайылығын тексердіңіз бе?» деген сауалына нақты тексермегенін және сол тұста көптеген танымал блогерлер мен азаматтар қайырымдылық қаржысын осы аталған қорға аударып жатқанына қарап шешім қабылдағанын айтты.

Түркістан драма театрының басшысы Алихан Мырзаханұлының айтуынша театрдың 180-нен астам қызметкері бірлесіп су тасқынан зардап шеккендерге бір күндік жалақысын, бас-аяғы 604318 теңге аударған. Театр ұжымы да қаржының діттеген жеріне жеткен-жетпегенін тексермеген.

Қыздар мектеп-лицейінің оқу ісі жөніндегі орынбасары, түрік тілінің мұғалімі Йылмаз Елман (Қазақстан азаматтығын алған түрік) да 2024 жылы мамыр айының басында мектепте қайырымдылық жәрмеңкесін жасап, жиналған 1 млн 704 мың қаржыны аталған қорға аударған. Куәгер енді қорға жіберілген қаржыны өндіріп, ресми мемлекеттік қорға аударуды сұрады.