Бұл туралы Афина Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев хабарлады.

Оның сөзінше, Қазақстанның Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) Директорлар үйлестіру комитетінің мүшесі атанған, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Бұл комитет дзюдо спортын жаһандық деңгейде дамыту мен халықаралық серіктестікті үйлестірумен айналысатын аса маңызды құрылым саналады.

– Бұл жетістік еліміз үшін зор мәртебе, қазақ спортының халықаралық аренадағы биік беделінің айқын көрінісі деп білемін.

Ендігі кезекте елімізде олимпиадалық спорт түріне жататын дзюдомыз қарқынды дамып, мемлекетіміздің мерейін асыратын чемпиондарымыз еселеп артатыны анық, – деп тілектестік білдірді Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев.

Еске салайық, Директорлар үйлестіру комитеті – Халықаралық дзюдо федерациясының басты стратегиялық органдарының бірі. Оның негізгі міндеті – халықаралық спорттық саясатты қалыптастыру, құрлықаралық байланыстарды нығайту және континенттік дзюдо одақтарымен нәтижелі әріптестік орнату. Комитет құрамына спорт, мемлекеттік басқару және халықаралық қатынастар салаларында үлкен тәжірибесі бар беделді тұлғалар кіреді.