Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоңыр ауылының диқандары суармалы судың жоқтығын айтып, дабыл қақты
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Sputnik.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Диқандар жаз басталғалы бір де бір рет мақта егістігі суғарылмағанын айталы.
«Гүлдену және қауашақ пайда болған кезде су берілмесе, біз егінсіз қалып, белшемізден қарызға батамыз», — дейді ауыл тұрғындары.
«Міне, канал бос, су жоқ! 500 гектар мақта!», — деген шаруа Бауыржан Нарбаев судың жоқтығынан дақылдар қурап жатқанын айтады.
Түркістан облысы Жетісай ауданы Байқоңыр ауылында 1200 гектар егіс алқабы бар. Биыл олардың 900-ден астамына мақта егілді.
«Мақтаның әр түрлі сұрпы бар. 120 күндік, 145 күндік бар. Шілде айында мақта бір рет суғарылу керек, содан кейін ол гүлдейді және оның биіктігі шамамен 85-90 см болуы керек. Осы уақытта қауашақ пайда болып, өнім бере бастайды. Қазір ауылда су жоқ», — дейді Бауыржан Нарбаев.
Шаруалардың айтуынша, оларға судың жетіспеушілігі туралы ешкім алдын ала ескерткен жоқ. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жүгінген олар, су болады деген уәде естіген.
«Қазсушар» Түркістан облыстық филиалында фермерлердің шағымын жоққа шығарды. Кәсіпорын инженері Серік Әбдікәрімұлы мақта кеуіп кетпейді, ал су проблемасы судың негізгі бөлігі келетін Өзбекстан жағындағы апатқа байланысты дейді.
«Су көлемі шынымен төмендеді. Бірақ бұл жұмыс қалпына келтірілді. Жоғарғы жағынан 80 текше метр ашылды. Ертең жүйе толығымен қалыпқа келеді. Министр келіп, фермерлермен кездесті. Су қалыпты режимде жүрді. Мұндай жағдайлар болып тұрады. Өйткені бізде жеке су қоймасы жоқ. Су Өзбекстаннан, Қырғызстаннан және Тәжікстаннан келеді және жолда апаттар болады, соның салдарынан осындай үзілістер болады», — дейді «Қазсушар» инженері Серік Әбдікәрімұлы.
Диқандардың айтуынша, егер су бір апта ішінде келмесе, олар егінсіз қалмақ.