Қызылорда облысы Шиелі аудандық ауруханасының әкімшілігі келушілерден дүниеге сәби әкелген ананы перзентханадан думандатпай шығарып алуға шақырды.

Бұл туралы медициналық ұйымның Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланды, деп жазады inbusiness.kz сайты.

– Күн сайын сағат 12-ден бастап жұмыс уақытының соңына дейін аудандық аурухана алды тойдағыдай у-шуға, көлік, шоуға, аниматорға толады. Бірнеше рет ескерту жасалғанына қарамастан думанды іс-шара тыйылар емес. Тұрғындар жаңа босанған анаға, өмірге келгеніне жеті күн толмаған балаға ерекше күтім мен тыныштық керек екенін біле тұра әншілер мен аниматорларды жалдап, концерт ұйымдастыруды әдетке айналдырған, – делінген хабарламада.

Аудандық аурухана көпбейінді болғандықтан басқа бөлімшелерде ауыр жағдайдағы науқастар жатады.

– Олардың тілеуін тілеген туыстарының жағдайына адами тұрғыдан түсіністікпен қараған жөн. Перзентхана реанимациясында да өз өмірі үшін күресіп жатқан нәрестелер бар екенін естен шығармау керек. Нәресте де туғаннан кейінгі алғашқы күндерде анасы сияқты тыныштық пен демалуды қажет етеді. Босанған ана шаршайды және ол әдеттегі жағдайда баласымен тыныштықта болғысы келеді. Бұл орайда қаумалап келген туған туыстың у-шуы және қатты музыка жаңа туған нәрестенің есту қабілетіне зақым келтіруі, тіпті нәрестеде неврологиялық мәселе тудыруы мүмкін, – деп хабарлады аурухана әкімшілігі.