Қасым-Жомарт Тоқаев президенттің Ауғанстан бойынша арнаулы өкілі Еркін Тұқымовты қабылдады, деп хабарлайды Ақордаға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кездесуде мемлекет басшысы Ауғанстан билігімен екіжақты қарым-қатынасты нығайтуда арнаулы өкілдің ерекше рөл атқаратынын атап өткен.
Арнаулы өкілге аталған елмен сауда-экономикалық және гуманитарлық салаларда өзара тиімді ықпалдастықты жолға қою тапсырылған.
Сондай-ақ президент Алматы қаласында ашылған Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ аймақтық орталығының мүмкіндіктерін кеңінен пайдаланудың маңызына тоқталған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстан Ауғанстандағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мақсатында гуманитарлық және білім беру бастамаларын жалғастыра беруге ниетті.
Айта кетейік, Еркін Тұқымов Қазақстан президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі лауазымына биыл 16 маусымда тағайындалған еді.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз