Алматылық команда Чемпиондар Лигасы аясында кем дегенде тағы алты матч өткізеді.

Ел чемпионы "Қайрат" Словенияның "Олимпия" клубын 2:0 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Матч тағдыры алғашқы таймда-ақ шешіліп қойды. Кездесудің 5-минутында Жоржиньо Луиш Матаның сол қанаттан асырған дәл пасына бірінші жетіп, баспен тура соққы жасап, қақпаның оң бұрышын дәл көздеді.

31-минутта португалиялық шабуылшы бұл жолы нәтижелі пас шығарды. Ол Александр Мрынскийді қақпашымен бетпе-бет шығарып, жас қорғаушы сабырмен соққы жасап, есепті 2:0-ге жеткізді.

Ойынның екінші бөлігінде Рафаэль Уразбахтин шәкірттері қорғанысқа көңіл бөліп, басымдықты сақтауға тырысты. Допты жиірек бақылағанымен (56% қарсы 44%), "Олимпия" нақты қауіп төндіре алмады.

Естеріңізге сала кетейік, алғашқы ойын 8 шілдеде Люблянада өтіп, 1:1 есебімен аяқталған болатын. Екі матчтың қорытындысы бойынша — 3:1 есебімен келесі кезеңге жолдама "Қайраттың" еншісінде.

Енді Рафаэль Уразбахтин жаттықтыратын команда Чемпиондар лигасының екінші кезеңінде "Милсами" (Молдова) мен КуПС (Финляндия) арасындағы жұптың жеңімпазымен кездеседі.