Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолданыстағы Салық кодексіне енгізілген өзгерістерге қол қойды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.

Мемлекет басшысы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.

Айта кетерлігі, президент қол қойған заң жаңа Салық кодексі емес. Экономика министрлігінің баспасөз қызметі бүгін қол қойылған құжат қолданыстағы кодекске енгізілген өзгерістер екенін түсіндірді.

"2025 жылғы 15 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) және оны қолданысқа енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Қол қойылған құжатқа 2017 жылдан бастап қолданыстағы Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді", — делінген министрлік хабарламасында.

Бұл түзетулер келесідей мақсаттарды көздейді:

  • жекелеген нормаларды өзектендіру,
  • қайталанатын немесе ескірген ережелерді алып тастау,
  • нақты бағытталған салықтық шараларды енгізу.

Айта кетейік, жаңа Салық кодексі бойынша қосылған құн салығының мөлшері 16 пайыз, қосылған құн салығы бойынша шек 40 миллион теңге мөлшерінде белгіленді.

Еске сала кетейік, 25 маусымда мәжіліс депутаттары Жаңа Салық кодексіне және салық салу мәселелері бойынша заңға сенаторлар енгізген түзетулермен келіскенін және құжат президентке қол қоюға жіберілетінін хабарлағанбыз.

Сондай-ақ бүгін мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңына қол қойды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз