Ақмола облысында бейтаныс адамдар аудандық мәслихат төрағасының үйіне шабуыл жасаған. Бұл ақпаратты Zakon.kz тілшісіне облыстық полиция департаменті растады.

Әлеуметтік желілердегі мәліметке сәйкес, қарулы қылмыскерлер түнде бетперде киіп, жекеменшік үйге баса-көктеп кіріп, үй иесін отбасымен бірге жертөлеге қамап қойған. Кейін үйді тінтіп, мүлікті көлікке тиеп, оқиға орнынан ізін суытқан.

Ақмола облысының полициясы әзірше оқиғаның егжей-тегжейін жария етпеді, бірақ шабуыл фактісінің болғанын растады.

"Астрахань ауылында болған қарақшылық шабуыл дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің жеке басын анықтап, оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Аталған қылмысты ашу ісі департамент басшылығының бақылауында”, — деп хабарлады полицияның баспасөз қызметі.